Денсаулық сақтау вице-министрі президенттің іс басқармасы медорталығының басшысы болды

0
100

Бүгін, 19 ақпанда қызметінен босаған Қазақстан денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой президент ісі басқармасы медициналық орталығының басшысы болып тағайындалды.

Цой бұл орталықты бұрын да, 2010-2011 жылдары, басқарған. Кейін Астана қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері болды. 2014 жылы Цой денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне кіріскен.

Президенттің іс басқармасы медициналық орталығының құрамына 10 ұйым кіреді. Оның қатарында Алматы мен Астанадағы аурухана, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, медициналық технология мен ақпараттық жүйелер орталағы мен бірнеше шипажай бар. Орталық сайтындағы ақпаратқа қарағанда, мұнда «күзетілетін тұлғаларға, мемлекеттік қызметкерлерге, одақтық және республикалық мәндегі дербес, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерге, жоғары дәрежелі ерекше белгілермен марапатталған тұлғаларға және азаматтардың жекелеген санаттарына» медициналық қызметтер көрсетіледі.

Ақпанның басында қазақстандық БАҚ бұл орталықтың экс-директоры Әмір Ахетовтің қаза тапқанын хабарлаған. Ішкі істер министрлігі, дәрігер өліміне байланысты іс қозғалғанын мәлімдеген. Сол кезде ішкі істер министр болған Қалмұханбет Қасымов «дәрігердің денесінде жарақат іздері болғанын» айтқан.

Азаттық