Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралуына қатысты болжам жасады

0
29

Нұр-Сұлтан мен Алматыда күшейтілген карантин енгізудің арқасында инфекцияға шалдығу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді

НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының таралуына қатысты болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрліктің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекованың айтуынша, соңғы төрт күннің ішінде коронавирустың таралуы бәсеңдеген. Індетті жұқтырғандардың саны 3-7 процент болды.

«Алайда біз індеттің өршу шегіне әлі жеткен жоқпыз. Нұр-Сұлтан мен Алматыда күшейтілген карантин енгізудің арқасында инфекцияға шалдығу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Ал басқа аймақтарда эпидемия күшейіп келеді. Жалпы, бір-екі аптаның ішінде өршу шегіне жетеді», – деді Жақселекова.

Оның сөзіне қарағанда, биыл басқа аурулар бойынша өлім-жітімнің азайғаны байқалып отыр. Мәселен, өткен жылы қаңтар-ақпан айларында 23 700 адам қайтыс болса, биыл осы уақыт аралығында 22 700 адам көз жұмған. Осылайша адам өлімі 5 процентке төмендеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда төтенше жағдай режимі ұзартылды 

«Аурулардың түріне келер болсақ, бірінші орында – жүрек қан тамыр аурулары, одан кейін тыныс алу органдары, қатерлік ісіктер, жазатайым оқиғалар мен ас қорыту органдарының аурулары келеді», – деп атап өтті Жақселекова.



sputniknews.kz