Денис Тен ісі бойынша сотталушыларға жаза кесілді

0
Денис Тен
Денис Тен. @Informburo.kz

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада жүлдегері Денис Теннің өлімі бойынша іске қатысты сот үкімі шықты.

Арман Құдайбергенов кінәлі деп танылып, оған қауіпсіздігі жоғары мекемеде 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін. Нұралы Қиясов кінәлі деп танылып, оған қауіпсіздігі жоғары мекемеде 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін, – деді судья Кеңшілік Әбделденов.

Жанар Толыбаева да кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

16 қаңтарда сот процесі аяқталу кезеңіне таяп, тараптар қатар тыңдалғаннан кейін сотталушыларға соңғы сөз берілген еді. Арман Құдайбергенов қылмысқа ойламаған жерден барғанын айтып, Денис Теннің анасынан кешірім сұрады, өзінің іс-әрекетіне қатты өкінетінін мәлімдеді. Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева да жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.

Арман Құдайбергенов “Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған ұрлық”, “Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған қарақшылық”, “Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған кісі өлтіру” баптары бойынша, Нұралы Қиясов “Алдын ала сөз байласып, топ болып, қару қолданып жасалған қарақшылық”, “Алдын ала сөз байласып, топ болып жасалған кісі өлтіру” баптары бойынша, Жанар Толыбаева “Алдын ала сөз байласып жасалған ұрлық”, “Қылмыс туралы хабарламау” баптары бойынша айыпталып отыр.

Прокурор Қуандық Досов судьядан Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовқа 20 жылға дейін, аяғы ауыр Жанар Толыбаеваға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады. Сонымен бірге ол алдыңғы екеуінен Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 30 АЕК және Жанар Толыбаевадан 20 АЕК көлемінде қаражат тәркілеуді талап етті.

Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда қаза тапты. Тергеудің мәліметінше, спортшы автокөлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның әрекетінің үстінен түскен, сол кезде төбелес болып, күдіктілер Денис Тенге пышақ салады. Спортшы ауруханада қайтыс болды.

Денис Теннің адвокаты Нұрлан Өстеміров сот отырыстарының бірінде қылмыстық іс материалдарында сәйкессіздік көп екенін алға тарта отырып, бұл оқиғаны тапсырыспен кісі өлтіру деп мәлімдеді және Жанар Толыбаева күдіктілердің іс-әрекетіне жетекшілік еткен деп есептейді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz