Дариға Бадықованың «көкбет келіншек» образы елді шаршатты

0

Отандық телеарналарда Жаңа жыл мерекесіне орай көрсетіліп жатқан концерттер пен бағдарламалар сынға қалды, деп хабарлайды Экспресс К.

©facebook.com/anarbayevv

Әлеуметтік желі қолданушылары, әсіресе, актриса Дариға Бадықованың образына шүйлікті. Мәселен Бақдәулет Анарбай есімді қолданушы «шайпау әйел бейнесін жылт еткен жерге жапсыра беру қаншалықты дұрыс?» деп сұрақ қояды.

Бадықова ханымның «көкбет келіншек» образы әуелде сәтті көрінген. Өзі де әдемі алып шықты. Бірақ көзіне көрінген жанға зіркілдейтін әйел көрерменді мезі еткен шығар. Актрисаның бұл рөлі қазақ әйелдерінің бәрі осындай деген ұғымға жетелеуі мүмкін,

— деп жазды ол.

Бұл оймен келісетіндер көп сияқты. Себебі пост астына жазылған пікірлер де осындай сынды қолдап жазылған.

«Бұлар бір образды шығарып, сонымен соңына дейін қуып кетеді», «Сол шайпау, зіркілдеп сөйлейтін, жұртты бір-бірімен қырқыстырып жүретін рөлі ұнамады», «Тәрбиелік мәні жоқ, арзан түсірілімдер санамызды улап жатыр», «Түк тәрбие жоқ, кілең көкбеттік»

— деп жазып жатыр желідегі жұрт.