Бұрынғы билікке жақын сербиялық ағайынды олигархтар Астана төрінен жалға алған 61 гектар жерді сатып жібермек

0
2797

Әңгіме сербиялық ағайынды олигархтар Драгомир және Боголюб Каричтер жайлы болмақ. Каричтер әулеті Югославия Президенті Слободан Милошевичтің дәурені жүріп тұрған шақта Сербиядағы ең ықпалды әулет саналды. Әрине, Милошевичтер әулетінен кейінгі.

Алайда, 1997 жылы әулеттің бақылауындағы «BK Telekom» компаниясы Боголюб Каричтің Сербияның алғашқы президенті болуы мүмкін деген ақпарат тарата бастады. Себебі ол кезде Боголюб Карич министр қызметінде болатын.

Сондай-ақ ол тұста Югославияның ыдырамағанын ескерсек, бұл Милошевичке ұнай қоймады. Билік оның шоттарын бірден бұғаттап, компанияның қызметіне тыйым салды. Боголюб Карич болса, түсінбестік болғанын айтып, ақталып бақты. Ал 2000 жылы Милошевич режимі құлағаннан кейін ағайынды Каричтер Югославиядағы іскерлік позициясын біршама жоғалтты. Тіпті Боголюб Карич Ресейден саяси баспана алуға мәжбүр болды. Бірақ Каричтер «Сербия күші» қозғалысы арқылы саяси ықпалын сақтап қала алды. 2005 жылы Боголюб Каричтің иелігіндегі «Mobtel» компаниясын тексеру барысында мемлекетке 40 миллионнан астам шығын келгені анықталды. Алайда ол әлдеқашан елден кетіп қалған болатын және бұл айыптаулардың «саяси астары» бар деп ешқашан кінәсін мойындаған емес.

Югославия ыдырағаннан соң Каричтер әулеті қайта белсенділігін арттыра бастады. Боголюбтың үлкен ағасы Драгомир Карич 2012 жылы Сербияның депутаты атанды. Драгомир билікке келгелі олардың қайта жолы болды деуге әбден болады. Себебі «Лукашенконың бизнес империясын» құруға дәл осы Драгомир көмектескен деседі. Ол аздай 2009 жылы Беларуссияның Белградтағы сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі болып тағайындалады. Ал 2012 жылы Лукашенко оны «Беларуссия мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға қосқан зор үлесі үшін» жеке өзі марапаттайды. Драгомир 2015 жылы Беларуссиядағы президенттік сайлауда, 2016 жылы парламенттік сайлауда «бақылаушы» болып, сайлау жоғары деңгейде өтті деген пікір білдіреді. Содан соң Драгомир Карич Минскіде «Итера» мұнай-газ компаниясының менеджері ретінде құрылыс жобаларымен айналысты. Ол «Itera Investment and Construction and Development Group» еншілес құрылымын басқарды. Каричтер 2014 жылдан бастап Беларуссияда Боголюбтің кіші қызы Дананың атымен аталатын «Dana Holdings» отбасылық компаниясын құрады. Бейресми мәліметтерге сенсек, бұрын «Astra Group» деп аталған «Dana Holdings»-тің жылдық айналымы 5 миллиард долларға жеткен.

Естеріңізде болса, 2019 жылы Қазақстандағы сайлауда да Драгомирдің «бақылаушы» болғаны бар. Сонда «Тұңғыш президенттеріңіз Нұрсұлтан Әбішұлы «жаңа президент» сайлауға мүмкіндік беріп, ең дұрыс шешім қабылдаған шығар деп ойлаймын. Барлығы қайда, кімге және не үшін дауыс бергісі келетінін біледі» деген болатын.

Жалпы Каричтердің былықтырмаған саласы жоқ. Алыстан іздемей-ақ өзіміздің Астанамыздан да олардың біліп бүлдіргендері біршама. Олар біздің елге 2017 жылдан бастап қызығушылық таныта бастаған. Сол жылы «Dana Holdings» арқылы қала әкімдігінен және оның құрылымдық бөлімшелерінен кешенді құрылыс салу үшін жер учаскелерін алады. Ағайынды Каричтер Тельман тұрғын ауданы мен Ұлы Дала көшесінің жалғасы арасындағы 61 гектар аумақта орналасқан жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы шеңберінде 500 млн доллар сомасына инвестиция салуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеп, алдап соғады. Бұл ретте құрылыстың жоспарланған кезеңі – 2018-2023 жылдар аралығы болатын. 2019 жылы «BK Tesla» ЖШС (Холдингтің еншілес кәсіпорны) «Астана «ӘКК» АҚ-мен бірлескен қызмет туралы шарт жасасады. Осы шарттардың талаптары бойынша Холдинг 14 күнтізбелік айдан аспайтын мерзімде барлық учаскелерде жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге және бекітуге міндеттеме алады. Мұндай шарттар сақталмаған жағдайда Холдинг учаскені қайтаруға тиісті еді. Алайда, Холдинг 2021 жылдың қазан айына дейін бір де бір шартты орындамаған. Ал жер учаскелерін қайтарған жоқ, өз кезегінде «Астана» ӘКК» АҚ холдингтің іс-әрекетіне әсер етуге ешқандай әрекет те етпеді.

Нәтижесінде, Астана төріндегі 61 гектар жер тістегеннің аузында кетті. Әдеттегіше, қамсыз қазақ қауқарсыз қалды. Бір қызығы krisha.kz қосымшасында әкімдіктің Холдингке берген жері сатылымда тұр. Анау-мынау емес, 2 688 000 000 теңгеге бағаланған. Анықтамасына қарар болсақ, 2025 жылға дейін жалға алынған деп көрсетілген. Сонда жерімізді жақшаның ішінде жалға алып, сатып жібере беретіндей әлсіз болғанымыз ба?

Бұлай жалғаса берсе, бас шаһарда өзіміздікі деп мақтанатын жер қалмаса керек. Онсызда қала әкімдігінің мәселесі мәлім…

KZNEWS 

Сараптаманы көшіріп басу үшін редакцияның рұқсаты қажет!