Home Жаңалықтар «Дарға асуға дейін барды»: Атыраулық әйел 10 жыл бойы күйеуінен көрген қорлығы...

«Дарға асуға дейін барды»: Атыраулық әйел 10 жыл бойы күйеуінен көрген қорлығы туралы айтты

0
83
Сурет: Tumisu

Атырауда отбасылық зорлық-зомбылық азаймай отыр. Әйелін аяусыз ұрып-соғып, зәбір көрсететін еркектер көбейген. Күйеуінен қорлық көріп, арнайы орталыққа паналауға мәжбүр болған сондай келіншектердің бірі басынан өткерген қиындықтарды жасырмай айтып берді деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Атырауда былтыр 800-ден астам нәзік жанды күйеуінен қорлық көрсе, ал биыл небәрі 4 күнде 70-тен астам әйел адам құзырлы органдарға шағымданған. Шарасыз күйге түскендер арнайы орталықтан пана іздеуге мәжбүр. Солардың бірі-32 жастағы көпбалалы ана. Ол күйеуінің қорлығына он жыл бойы шыдап келгенін айтады. Есімін жасырын қалғанын қалаған келіншектің сөзінше, күйеуі оны дарға асып тастай жаздаған. Ақыры шыдамы таусылған келіншек былтыр әйелдерге көмек көрсету бөлімшесіне келіпті. Алайда артынан келген ері саусағын тигізбеуге ант етіп кері алып кеткен.

Десе де, сөзінде тұрмаған жұбайы кейін де қол көтеруін тоқтатпапты. Келіншек балаларын алып орталыққа қайта келуге мәжбүр болған.

«Он жылдың ішінде дарға асып тастауға дейін барды. Балаларыма кішкене көрсетпейтін. Шыңғырып жылап жатқанымды көреді. Соңғы жағдайды көрді. Балалар көрсін деп әдейі есікті ашып жібердім. Өйткені ол балалардың алдында сүйкімді әке. Мені бөлмеге кірігізіп алып, балалар ұйықтап жатқан кезде тиіседі», – дейді Атырау қаласының тұрғыны.

Әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінде нәзік жандыларға алты айға дейін балаларымен тұрып, бойын тіктеп алуға көмек көрсетіледі. Олар кішкентайларын тәрбиешіге қалдырып, жұмысқа орналасады екен. Бөлімше басшысының сөзіне сенсек, жиырма орындық бөлімшенің бос тұратын күні жоқ. Екі, үш қайтара келіп жататындар да бар екен.

«Көзі көгеріп, мұрны, қолы сынып та келген келіншектер болды. Әрі кеткенде 1 аптадан кейін адамның ашуы басылады ғой. Отбасының бүтін болғаны маңызды. Сондықтан ең бірінші келген азаматшаның жолдасымен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстары, татуластыру жұмыстары жүргізіледі», – дейді Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі директорының орынбасары Айбаршын Иманғалиева.

Орталық ашылғалы 10 жыл ішінде келгендердің 7 пайызы ажырасып кеткен. Дегенмен отбасының шырқын бұзып, әйелін жұдырықпен бағындырғысы келетіндер саны азаймай тұр. Полиция жуырда «Тұрмыс» іс шарасын өткізіп, 4 күнде 70-тен астам әйелдің отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын анықтаған.

Б. Надірқызы