«Далаға от жағып, тамақ жасап жүр»: Нұр-Сұлтанға жақын аймақта орналасқан ауыл тұрғындары жарықсыз қалды — Қазақстан жаңалықтары
Ақмола облысының Қосшы ауданы «Лесная поляна» ықшам ауданының тұрғындары жарықсыз қалдық деп наразы. Сөздерінше, осымен үш күн қатарынан электр қуаты өшіп қалыпты. Сол себепті жергілікті жұрт, тіпті, тамақты далаға от жағып жасауға мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде Қосшы ауылында халық далаға жаппай жиналып жатқаны түсірілген видео таралыпты.
«Адамдар тамақты далада жасап жүр», — дейді видео авторы.
Электр жүйесіндегі ақау себебінен мұндағы тұрғындар осымен үшінші күн жарықсыз отыр екен.
Бұл жағдай туралы Қосшы ауылдық округінің әкімінің орынбасары Парасат Досмағамбетов сөз қозғады.
«Электр ақауы бұл ауданда жексенбіден бері жалғасып келеді. Ол кезде жарық сағат 16:00 шамасында өшіп қалып, он екі сағат болмады. Кеше және бүгін жағдай қайталанды. Ақау себептері анықталуда. Сым тізбегі істен шыққан. Арнайы бригада жұмыс істеуде. Ақау табылып жатса, жақын арада мәселе шешіледі», — дейді ол.
Алайда тұрғындар жарыққа қашан қосылатытынын әкім орынбасары дөп басып айта алмады.
«Ешкім далада тамақ жаса жүргені жоқ. Мен сол жақта жүрмін. Олар түймедейді түйедей етуде. Бұл жерде жергілікті полиция қызметкерлері де бар. Алғашында сыртта жүрген. Бірақ түсіндіру жұмыстарынан кейін жағдайды түсініп, үйлеріне тарқасты», — деп қосты шенеунік.
stan.kz