Дағыстанда әріптесін қолдап акция өткізген сегіз журналист ұсталды

0

Дағыстан астанасы Махачкалада полиция жергілікті «Черновик» басылымының редакторы Әбділмүмін Гаджиевті қолдап, акция өткізген сегіз журналисті ұстады. Бұл ақпаратты «Кавказ.Реалии» сайты хабарлады.

Жалғыз адамдық пикеттер полиция бөлімшесінің алдында өткен. Әуелі полицейлер журналистерді ішке шақырған, кейіннен оларды ұстаған. Жарты сағаттан соң босатқан.

Мұның алдында полиция «Дағыстан жастары» басылымының бас редакторы Шамиль Абашиловты да ұстаған еді. Ол республикалық прокуратура ғимаратының алдында пикет өткізген. Ол да кейін босатылған.

Ұсталғандар босатылғаннан кейін прокуратура алдындағы пикеттер әрі қарай жалғасты.

Әбділмүмін Гаджиев — «Черновик» апталық басылымының «Дін» бөлімінің редакторы. Тергеу органдарының пайымдауынша, ол 2013 жылдан бері Ресейде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымын қаржыландырған. Журналист бұл айыпты жоққа шығарады. Іс бойынша куәгерлердің бірі оны азаптағанын айтқан.

21 маусымда Дағыстандағы апталық үш басылым: «Новое дело», «Свободная республика» және «Черновик» Гаджиевке қолдау білдіру мақсатында алғашқы бетін біркелкі қып шығарды. Оның әріптестері іс «қолдан ұйымдастырылған» деп санайды. Бұған дейін халықаралық Журналистерді қорғау комитеті Гаджиевті босатуды талап еткен.

Azattyq