Д. Қонаев пен Ж. Шаяхметовтың еңбегі неге Тәшеновке жазылды?
Қазақ халқы қашанда өзінің өткен қайраткерлерін құрмет тұта білетіні белгілі. Алайда кейде кейбір тұлғаны асыра мақтап, өтірік-шыны аралас тым дәріптеп жіберетін жайттар да жоқ емес.
Алайда, жалпы елге танымал азаматтардың көзін көргендердің естеліктері қай тұлғаның да жарқын істерімен бірге пендешіліктерінің де, тарих алдындағы күмәнді да кінәлі істерінің болғанын көрсетеді.
Осындай екіұшты ойға, кереғар пікірге жетелейтін тұлғалардың бірі – Жұмабек Тәшенов. Біздің бүгінгі талдауымыз Жұмабек Ахметұлы жайлы асыра айтылатын кейбір жайттардың анық-қанығын қалың оқырманға жеткізуге арналады.
Бірінші миф. Тәшенов тың игерушілердің КСРО-ның батыс республиаларынан Қазақстанның солтүстік аумағына қоныс аударуына қарсы болған.
Ресей, Беларусь және Украинадан Қазақстанға келген миллиондаған тың игерушілердің ең белсенді қоныс аудару кезеңі 1954-1962 жылдар аралығында болды. 1954 жылы КОКП Орталық Комитеті Пленумның «елдегі астық өндірісін одан әрі ұлғайту және тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» әйгілі қаулысы қабылданғаны белгілі.
Осылайша Кеңес Одағының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту желеуімен Қазақстанның солтүстігіндегі жерлеріне өзге ұлт өкілдерін үдемелі түрде көшіру басталды. Бұл кезде Қазақстанның партия ұйымының жаңа басшылығына П. Пономаренко мен Л. Брежнев тағайындалды. 1955 жылы Қазақ КСР Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Шаяхметов Жұмабай Шаяхметұлы зейнетке шықты. Ж. Шаяхметовтың Мәскеудің Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеру саясатына келіспеуі оның жұмыстан ерте босатылуына себеп болды. Хрущевтің өзі бұл туралы естеліктерінде былай жазады:
«Шаяхметов егер астық көлемін ұлғайтатын болса, онда оларды қазақтар өздері өңдей алмайтынын, сондықтан тың жерлерді игеруге ниетті еріктілерді көмекке шақыруға тура келетінін түсінді… Ал ол мұны мүлдем қаламады, себебі олай болса Қазақстандағы жергілікті ұлттың үлесі одан ары төмендеп кетеді».
Тың игеру науқаны нағыз қызған 1955 жылы Қазақ КСР басшылығына жергілікті халық өкілдері қатарынан Никита Хрущевке адалдығымен танылған Д.А. Қонаев пен Ж.А. Тәшенев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы жауапты лауазымдарына тағайындалды.
Д.Қонаев пен Ж.Тәшенев КОКП ОК-нің тың жерлерді игеру жөніндегі Мәскеу шешімдерінің республикадағы негізгі орындаушылары болды. Олар РСФСР, Украин ССР, Белорус ССР-нан Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударушыларды орналастыруға белсене кірісті. Яғни ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің заңнамалық сүйемелдеуімен КСРО-ның Батыс республикаларынан жүздеген мың отбасы солтүстік облыстарға түпкілікті қоныс аударды. Д. Қонаев пен Ж.Тәшенев басшылық қызметте болған.
1954-62 жылдары Қазақстанға тың игеру үшін 2 миллионға жуық адам келді. Бұл сөз жоқ, кезінде Жұмабек Шаяхметов қауіптенген жергілікті ұлт үлесінің азайып, демографиялық жағдайдың кері өзгеруіне әкеп соқтырды.
Д.А. Қонаев «Менің уақытым туралы» кітабында, тың жерлерді игеру ісіне елеулі үлес қосқан адамдарды арнайы атап өтеді: «…Республикалық ОК хатшысы Журин, Кәрібжанов, Тәжиев, Успанов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Тәшенев, Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлары Бейсебаев, Слажнев, Министрлер Мельник және Рогинец – миллиардтардың тағдыры шешілген ең маңызды жерлердің басы-қасында болды», — деп жазады.
Ж. Тәшенев пен Д. Қонаевтың қызметтік лауазымдарда дүркіреп тұрған кезеңі – 1956 жылы консерваторияның бірінші курс студенттері Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов кеңестік кезеңде халық арасында өте танымал болған, кейіннен 2006 жылы Тәуелсіз Қазақстанның ресми Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнін жазды. Бұл шын мәнінде сол кездегі республика басшылығының (Брежнев, кейінірек Яковлев) Ж.Тәшенев пен Д. Қонаев арқылы жасаған қитұрқы әрекеттеріне қарсы наразылық еді..
Екінші миф. Тәшенев Қазақ КСР жерін Өзбек КСР құрамына беруге қарсы болды.
Керісінше, Жұмабек Тәшенев ол кезеңде комиссия төрағасы болды және комиссияның «мүлтіксіз жұмысының» арқасында Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар аудандары Өзбек КСР құрамына түпкілікті берілді.
Мәселен, 1956 жылы 21 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы ретінде Тәшенев Жұмабек Ахметұлы «Бостандық ауданы мен далалы жерлердің бір бөлігін Қазақ КСР құрамынан Өзбек КСР құрамына беру туралы» Қаулысына қол қойды. Яғни, аталған аудандардың белгілі бір бөлігі Ж.Ташеневтің қол қоюымен Қазақстан КСР-ның территориялық құрамынан шықты.
Мәселен, Мәскеуде өткен Кеңес Одағы Коммунистік партиясының XX съезіне бір күн қалғанда, 1956 жылдың 13 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Қазақстанның оңтүстік аумағына қатысты «Қазақ КСР мен Өзбек КСР арасындағы шекараны ішінара өзгерту туралы» Жарлық қабылдайды. Бұл Қазақ КСР-нің оңтүстік аудандарындағы жергілікті халықтың ұлттық мүддесін ескермеген, әділетсіз шешім еді. Қазақ КСР және Өзбек КСР басшылығының бірқатар қайраткерлерінің «көлеңкедегі» көрінбейтін күресінде Кремль саясаты, соның ішінде Н.С. Хрущев ресми Ташкентке қолдау көрсетті.
1956 жылы 21 қаңтарда Жұмабек Тәшенев қол қойған Қаулыда бұл шешім «Өзбек КСР-і мен Қазақ КСР-і, Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы арасындағы экономиканың ортақтығын, аумақтық жақындығын, тығыз шаруашылық және мәдени байланыстарды ескере отырып қабылданады» деп түсіндіріледі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Оңтүстік Қазақстан жерлерін көрші республикаға беру туралы келісімінен кейін Н.С.Хрущевтің Қазақстан шекарасын өзгерту жөніндегі идеялары жалғаса берді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы шыққаннан кейін үш күннен кейін 1956 жылы 24 қаңтарда Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі де тиісті құжат қабылдайды.
Қаулыда «… бауырлас қазақ халқына аталған жерлерді бергені үшін өзбек халқы үлкен алғыс білдіреді. Бұл достық акт КОКП XX съезінің директивалары жобасы аясында экономикалық құрылыстың ұлттық міндеттерін сәтті шешуге ықпал етеді», – деп көрсетілген.
Үшінші миф. Тәшенев Маңғышлақтың берілуіне қарсы болды.
Жұмабек Тәшеневтің бұған ешқандай қатысы жоқ. Никита Хрущев Маңғышлақ түбегінің жерін Түрікмен КСР немесе Әзірбайжан КСР құрамына беруді қарастыру мәселесін көтерген 1960-1962 жылдары Жұмабек Тәшенев Қазақ КСР басшылығында емес еді. Ол кезде ол Оңтүстік Қазақстан облысында орта буын басшысы болды және бұл шешімдерге қандай да бір ықпал ете алатын лауазымда болмады.
Төртінші миф. Тәшенев Қазақстанның солтүстігін сақтап қалды.
1960 жылы 19 қаңтарда Алматыда Компартия ОК-нің кезекті пленумы өтті. Оған Н.С. Хрущевтің өтініші бойынша Кеңес Одағының сол кездегі КП ОК хатшысы Л.И. Брежнев Мәскеуден арнайы келіп төрағалық етті. Пленум шешімдері Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың тағдырында тарихи ықпалын тигізді. Осы пленумда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы болып бұған дейін КОКП Ленинград қалалық комитетінің бірінші хатшысы болған Николай Николаевич Родионов сайланды. Республика билігінің басқа тармақтарында да тиісті өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, Кәрібжанов Фазыл Кәрімұлы Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Тәшенев Жұмабек Ахметұлы Д.А. Қонаевтың орнына Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.
Ж. Тәшенов Қазақстанның министрлер кабинетін басқарған тұста, 1960 жылы 26 желтоқсанда Тың өлкесі құрылып, оның құрамына солтүстіктегі 5 облыс кірді. Оның аумағы бүкіл Қазақ КСР территориясының 21%-ын, ал демографиялық үлесі ол кездегі республика халқының 31%-ы құрады. Мүмкін Жұмабек Тәшенев Алматыдағы республикалық партия комитетіне емес, тікелей Мәскеуге бағынатын тың өлкесінің құрылуын жақтырмаған шығар. Сондықтан бұл жайтқа қатысты қатты қарсылық танытып, қызбалықпен жауап берді. Алайда, нақты факті бойынша, тың өлкесі құрылғаннан кейін бір айдан соң Тәшенов Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босатылды.
Белгілі қазақстандық тарихшы Радик Темірғалиев өз естелігінде былай деп жазады: «1961 жылы 6 қаңтарда Үкімет төрағасы қызметінде бір жыл толық жұмыс істемеген Ж. Ташенев ҚКП ОК жабық бюросында жеке басының кемшіліктері, дөрекілігі, әдепсіздігі үшін деген желеумен көптеген айыптаулардың негізінде жұмыстан босатылды… Дегенмен, көптеген жарияланымдарда Ташеневтің тағдыры Хрущевпен болған басқа кездесуде шешілді деген болжам бар. Кейбір авторлардың айтуынша Ақмолада өткен жиында ол Қазақстанның бес облысын Ресейге беруге батыл қарсы шығып, республикалық Конституцияның нормаларын еске салған. Мәселе шешілмесе Халықаралық ұйымдарға шағым айтып жүгінуге дайын екенін мәлімдеген.
Н. Хрущев жағдайдың ушығып кетуінен қорқып бастапқы ойынан бас тартты. Нәтижесінде Қазақстан территориясы бөлінуден аман қалды, ал Д. Қонаев жиын аяқталған соң оңашада Ж. Тәшеневті «нағыз батыр» деп арқасына қақты дейді. Бірақ Ж.Тәшеневтің бұл батылдығы оның қызметтік карьерасының түбіне жетті… Десе де, тоталитарлық жүйеде қызмет еткен жергілікті кеңес басшысының әрі нағыз коммунистің шетелдіктерге шағымданамын деп айтуы қисынға сыймайтын дүние. Мұндай әрекетке барған адам өзін кеңестік жүйенің жауымын деп ашық жариялағанымен пара-пар. Одан кейін оның облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалмақ түгілі, партия билетін сақтап қалуының өзі неғайбыл болар еді…
Дегенмен де, қанша көркемделген болса да мұндай әңгіменің артында нақты оқиғаның жатқанын да жоққа шығара алмаймыз. Дәл осы оқиға жайлы, яғни, Хрущевпен кездесу жөніндегі екі бөлек әңгіме туралы Д. Қонаев та өзінің естеліктерінде жазады. Ж. Тәшеневті түскі асқа шақырған Н. Хрущев белгілі бір мақсатты көздеген. Бұл ретте, Д. Қонаев олардың не жайлы әңгімелескенінен хабары болмаған, не ол туралы өз естелігінде жазбауды шешкен. Әрине, негізгі талқыланған тақырып – Тың өлкесін құру жайлы екені анық. Ол кезде тың өлкесін құру туралы шешім қабылданып, тиісті құжаттарға қол қоюға 3-4 күн ғана қалған еді… Сондықтан Н.Хрущевтің бұл тақырыпқа назар аудармауы мүмкін емес. Немесе Соколов жолдаған шағымдардан кейін жағдайды жеке анықтауға шешім қабылдаған болуы керек. Яғни, дәл осы банкетте Ж.Тәшенев Тың өлкесінің құрылуына қарсы екендігін айтқан.Оның жауабы соншалықты дөрекі болмаса да, түбегейлі «жоқ» деген шешім болды.
Ж.Тәшеневтің ұстанымынан көңіл-күйі күрт өзгерген Н.Хруще сондықтан Д.Қонаевты жеке қабылдауына дереу шақырады. Д. Қонаевпен болған әңгіме барысында Тың өлкесін құру тақырыбы жалғыз тақырып болғаны сондықтан.
Н. Хрущев бұл туралы: Ж. Шаяхметов менің тың жерлерді игеру идеямды қолдамады. Ж.Тәшенев те қазір қарсылық білдіріп отыр. Ж.Шаяхметовтікі қате болды. Қазір Ж. Тәшенев те қателесіп отыр», — дейді.
Тың өлкесін тарату Н.Хрущевті КСРО басшылығынан аластағаннан кейін ғана мүмкін болды. Себебі тың өлкесін құру идеясы оның экономикалық даму ұстанымының негізі болған еді. Тың өлкесін тарату Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың Л. Брежневке мәселені түсіндіріп, жете сендрігені негізінде ғана мүмкін болды. Бірінші хатшы лауазымына келген соң Д.А. Қонаевтың бірінші ісі республиканың аумақтық тұтастығын нығайту мәселесіне арналды. Қызметке кіріскен бір айдың ішінде, яғни, 1964 жылдың 1 желтоқсанында Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан өлкелері таратылды. Ал бір жылдан соң 1965 жылдың 19 қазанында Н.С.Хрущевтің Қазақстандағы басты әкімшілік-аумақтық авантюрасы – Тың өлкесін құру жоспары тоқтады. Себебі Н. Хрущев кезінде құрылған тың өлкесі Қазақстаннан бөлінетін кезекті жер аумағы болатыны түсінікті еді. КСРО басшылығына Л.Брежневтің, ал Қазақ КСР жетекшілігіне Д.Қонаевтың келуімен бұл мәселе түпкілікті шешілді. Нәтижесінде Қазақстандағы барлық әкімшілік өңірлер (облыстар) қайтадан Алматыға тікелей бағынатын болды. Қазақ ССР Компартиясының бірінші хатшысы лауазымына тағайындалған Д. Қонаев республиканың аумақтық тұтастығын сақтап қалуды ғана емес, оны одан ары нығайту мәселесін де шеше алды. Яғни, Д. Қонаевтың ұсынысымен 1970 жылы 23 қарашада Қостанай және Целиноград облыстарының бірқатар аумағы негізінде Торғай облысы, ал 1973 жылғы 20 наурызда Қарағанды облысының ішінен жеке Жезқазған облысы құрылды.
Бұл шешімдер еліміздің солтүстік өңірлерінде негізінен жергілікті қазақ ұлтының өкілдері тұратын жаңа әкімшілік басқару орталықтарын құруға мүмкіндік беріп, солтүстікте өзге ұлт өкілдерінің саны басым деген саяси алып-қашпа әңгімені азайтуға септігін тигізді.
Мақсұт АЙБАРОВ
Редакциямызға аталмыш мақала келіп түсті. Бұл редакцияның позициясын білдірмейді. Пікір ашықтығы принципінде жарияланып отыр. Тарихшылар тарапынан өзге көзқарастағы материал болса, шығаруға дайынбыз.