CPJ Ресейді қамалған блогерді босатуға шақырды

0

«Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists — CPJ) халықаралық ұйымы Ресей билігін блогер, «қылмыс әлеміндегі беделді адамды» жерлеу рәсімінен түсірілген видеоны бөліскен соң қамалған Виктор Торопцевті босатуға шақырды.

CPJ Торопцевтің әкімшілік қамауға алынғанын «сұмдық әділетсіздік» деп атады. «Ресейліктердің қоғамдық маңызы бар оқиғалар туралы хабардар болу құқығы шектелмеуі тиіс» делінген ұйым мәлімдемесінде.

Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі Амур қаласының соты 14 қаңтарда Виктор Торопцевті «көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарды» деп айыптап, 10 тәулікке қамаған.

Торопцев «МБХ Медиа» сайтына полицияның өзін 12 қаңтар күні «жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізді» деген айыппен ұстап, ертесінде босатқанын хабарлаған.

Виктор Торопцев өзін қаңтардың басында жергілікті «қылмыс әлеміндегі белсенді адамның» жерлеу рәсіміне шенеуніктердің, оның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысқаны туралы видеоны YouTube-те бөліскенім үшін қудаландым деп санайды.

Хабаровск өлкесінің билігі «жергілікті банда басшысын» жерлеуге құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқанын жоққа шығарды.

Дереккөз: Азаттық