Covid-19 салдарынан теміржол кестесі қайта қаралады

0

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында теміржолда бірқатар шектеу енгізілді, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

9 қарашадан бастап №705/706 «Алматы-Петропавл» жолаушылар пойызының жүру жиілігі күн сайынғыдан күнараға ауыстырылады, ал №31/32  «Павлодар – Алматы» жолаушылар пойызы белгіленген күндер бойынша қатынайды.

Төменде аталған облыстарда барлық стансаға билет сатуға және жолаушыларды отырғызуға/түсіруге уақытша тыйым салынады:

  • Ақмола облысында Атбасар, Ерейментау, Аршалы, Бурабай, Есіл, Макинка, Ақкөл, Жалтыр және Көкшетау курорттарын қоспағанда;
  • Павлодар облысында Павлодар, Екібастұз, Ақсу-2 және Бозшакөл стансаларын қоспағанда;
  • Қостанай облысында Қостанай, Тобыл, Құсмұрын, Есіл, Арқалық және Железорудная стансаларын қоспағанда;
  • Солтүстік Қазақстан облысында барлық станса арқылы жолаушыларды отырғызуға/түсіруге транзиттік жолаушылар пойыздарының қозғалысына тыйым салынады.

№ 68/67 «Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Өскемен-1» жолаушылар пойызының жол жүру мерзімділігін аптасына бір ретке және № 351/352 «Алматы-2 – Өскемен-1» жолаушылар пойызының жол жүру мерзімділігін күнараға дейін уақытша қысқарту шарасы жыл соңына дейін ұзартылды.

Петропавл стансасынан пойызбен шығу үшін жолаушыларға міндетті түрде COVID-19-ға ПТР тестілеуден өткені туралы анықтама (мерзімі 3 тәуліктен аспаған) алу қажет.

Сондай-ақ теміржол вокзалдарына күтіп алушылар мен шығарып салушыларға кіруге тыйым салынады.

Жол жүру құжатын (билет) тоқтатылған пойыздар мен тыйым салынған тұрақтарға ресімдеген, сондай-ақ COVID-19-ға ПТР тестілеуден өткені не оның жарамсыздығы туралы анықтамасы болмаған жолаушылар жол жүру құжатын қайтарып, ақшасын толық көлемде алады. Ол үшін билетті пойыз стансадан жөнелтілген сәттен бастап 1 сағаттан кешіктірмей қайтару керек.

Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша барлық анықтамалық ақпаратты «105» нөмірі арқылы білуге болады.