Заңсыз жиған ақшасын Британиядағы зәулім үйлерге салаған: БАҚ Назарбаева мен ұлының қымбат мүлкі туралы жазды

0

Осы аптада шетел басылымдары заңсыз жиған ақшасын Британиядағы зәулім үйлерге салатын клептократтар мен қылмыскерлерге қатысты заңның күшейгелі жатқанын жазып, Дариға Назарбаева мен ұлының қымбат мүлкі туралы айтты. 

«БРИТАНИЯДА АРАМ АҚША ЖАСЫРУ ҚИЫНДАЙ ТҮСПЕК»

Ұлыбританиядағы қымбат жылжымайтын мүлік нарығы әлемнің әр түкпірінен заңсыз жолмен табылған ақшаны жасыратын ыңғайлы орынға айналған. Ел үкіметі қылмыстың бұл түрімен күресуге тырысып, түрлі заңдар қабылдап жатса да, биылғы коронавирус пандемиясы саладағы жағдайды ушықтырып жіберді. Дегенмен, үміт те жоқ емес. Британ патшайымының өзі сөз еткен тағы бір қатал заң қабылдануы мүмкін.

Британияның Financial Times басылымы осы тақырыпқа мақала арнады. Мақалада Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, сенаттың бұрынғы спикері Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевтің де мүлкі әңгіме болады. Газет биылғы мамырда президент Тоқаевтың жарлығымен аяқ астынан қызметінен кеткен Дариға Назарбаеваның суретін беріп, оның ұлы екеуі «шығу төркіні белгісіз байлық» (UWO) ордері бойынша британ сотында жеңіп шыққанын жазады.

Ұлыбритания қылмыспен күрес агенттігі (NCA) Назарбаева мен Әлиевтен Лондондағы құны 80 миллион фунт-стерлинг ($103,8 млн) болатын үй-жайды, соның ішінде Лондонның «Миллиардерлер көшесіндегі» жертөлесінде бассейні мен кинотеатры бар зәулім үйді қандай ақшаға сатып алғанын түсіндіруді талап етіп, «шығу төркіні белгісіз байлық» ордері аясында мүліктерді бұғаттауды ұйғарған. Алайда, Британия соты тергеушілердің уәжін сенімсіз деп тауып, Назарбаевтардың мүлкін қайтарып берген.

Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президент Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президент Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.

Мақалада Британияның арам ақшаны заңдастыру саласындағы жаңа құрал — «шығу төркіні белгісіз байлық» (UWO) ордерінің іске аса бастағаны туралы айтылады. Осы ордер негізінде жақында жергілікті бизнесмен Мансур Махмұд (Манни) Хусейннің құны 10 миллион фунт-стерлинг болатын дүние-мүлкі тәркіленген. FT басылымының жазуынша, мүлкінің арам ақшаға алынбағанын дәлелдей алмаған Хусейн пәтерлерін, үйлері мен кеңселерін Британия үкіметіне берген.

«Шығу төркіні белгісіз байлық» ордері 2018 жылдың қаңтарында іске қосылғалы төрт іс бойынша жалпы құны 143 млн фунт-стерлинг болатын мүлік бұғатталған (арасында Назарбаевтардың және Хусейннің мүлкі бар).

Пандемияға байланысты локдаун заңсыз ақшаның ағылуына кедергі келтіргенімен, үй алушыларды шұқшия тексеру мүмкіндігін шектеп тастаған.

Лондондағы элиталық үй саудасымен айналысатын риэлторларға қызмет көрсететін компания басшысы Джерри Уолтерстің айтуынша, пандемия кесірінен агенттер сатып алушылармен көзбе-көз кездеспейтін болды әрі экономикалық қиындықтарға байлаысты олар мүлікті жылдам сатуға мүдделі.

Сондықтан Лондондағы қымбат үйлер әдеттегіден көп сатылып жатыр. Мәселен биыл шілде-тамызда британ астанасының орталығындағы үйлер былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға аз сатылса, элиталық үй саудасы керісінше 31 пайызға артқан.

Басылымның жазуынша, 2007 жылдан бергі ереже бойынша, Еуроодақтағы жылжымайтын мүлік агенттері «саяси тұрғыда елеулі» не қылмыстық топтармен қатысы бар адамдар үй алса, оларды мұқият тексеруге тиіс. Осы ереже аясында олар мүлікті сатып алуға қатысқан офшор компаниялар мен қорлардың «соңғы бенефициарын» анықтауға міндетті.

Британ заңдары бойынша, банк, жылжымайтын мүлік сияқты салаларда арам ақшаны заңдастыруға ұқсайтын күдікті операция жасалса, агенттер қылмыспен күрес агенттігіне «күдікті әрекет туралы есеп» (suspicious activity report — SAR) беруі керек. Банк саласы мұндай есепті көп бергенімен, жылжымайтын мүлікте мұндай дәстүр қалыптаспай отыр деп жазады басылым. Мысалы, 2017-18 қаржы жылында банктер осындай 371 522 есеп өткізсе, жылжымайтын мүлік агенттері тек 710 SAR тапсырған. «Бұл клептократтар мен қылмыскерлерлердің заңсыз байлығын Ұлыбританияның жылжымайтын мүлік нарығына салып, заңдастыруына оңай мүмкіндік береді» дейді жемқорлықпен күресетін Transparency International ұйымының өкілі Бен Коудок. Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік агенттері мұндай күдікті байлыққа «көз жұма» қарайды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәли Әлиев
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәли Әлиев

Елдегі банктер клиент ақшасының қандай бизнестен келгенін нақтылай алмаса, онымен байланыспауға тырысады. «Кейбіреулер соңғы он жылда қаржы институттарында болып жатқаны сияқты жылжымайтын мүлік саласына да мәдени өзгерістер қажет деп санайды» деп жазады басылым.

Басылымның жазуынша, жақын болашақта Ұлыбританияда ақша заңдастыруға қатысты бұдан да қатал заң қабылдануы мүмкін. Британияда мүлкі барлық шетелдік компаниялардың соңғы бенефициар иелерін жариялауын талап ететін «Шетелдік заңды тұлғаларды тіркеу туралы» заң жобасы 2018 жылдың ортасынан бері қаралып жатыр. Былтыр желтоқсанда Британия патшайымы үкіметтің күн тәртібін нақтылайтын сөзінде осы заң туралы айтқан.

«Коронавирус пандемиясы парламенттің жұмыс уақытын қысқартқанымен, Коудок бұл заң келер жылы қабылданады деп үміттенеді» деп жазады FT. «Ол («Шетелдік заңды тұлғаларды тіркеу туралы» заң) бүкіл парламенттің қолдауына ие: үкімет оны өткізгісі келеді, оппозициялық партиялар қолдайды, сондықтан оны қабылдау проблема тудыра қоймас» дейді Коудок.

Azattyq