«Cонда өтірік айттыңыз ба»: Бишімбаев сотта жалған куәлік бергенін мойындады

0

Әйелін өлтірді деп айыпталған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев сотта екінші айыпталушы Бақытжан Байжановтың қысымынан соң жалған куәлік бергенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kzақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

15 сәуірдегі сот отырысында Бишімбаев Нүкеноваға мүсәтір спиртін беріп, есін жиғызбақ болған кезде Байжанов VIP кабинада бірге болғанын айтты.

«Ол мүсәтір спирті мен таңғыш алып келді. Салтанаттың аузы мен мұрнына мүсәтір спиртін иіскетіп жатқанымды өз көзімен көрді. Содан кейін ол жедел жәрдем шақыруды ұсынды», – деді Бишімбаев.

Осы кезде судья Бишімбаевтің сөзін бөліп, оның бұрын бұл іс бойынша жалған куәлік берген-бермегенін сұрады. Өйткені экс-министр бұған дейін Байжановтың кабинада онымен бірге болмағанын айтқан.

«Айыпталушы Бишімбаев, бір минут. Жауап алу кезінде сіз мүсәтір спиртін әкелген соң оны бірінші өзіңіз иіскеп, сосын жәбірленушіге иіскеткеніңізді айттыңыз. Сол жолы өтірік айттыңыз ба? Бәрін өзім жасадым дедіңіз. Сонда сіз өткен отырыстарда жалған куәлік бердіңіз бе?” – деп сұрады судья Айжан Көлбаева.

Содан кейін Бишімбаев Байжановтың өзіне қысым жасағанын мәлімдеді. Сосын адвокат Ғазымжанов Бишімбаевтің «Байжановқа қаржылай тәуелді» екенін айтты.

«Байжанов мүсәтір спиртін әкелді. Байжановтың маған жасаған қысымына байланысты жалған ақпарат айттым», – деді Бишімбаев.

Адвокат Ғазиз Ынтықбаев Бақытжан Байжановтың мүсәтір спирті туралы алғаш өзі хабарлағанын атап өтті. Сондықтан бұл факті туралы өтірік айтудың қажеті жоқ еді деді адвокат.

Сондай-ақ сот отырысында Байжанов ашуға булығып, Бишімбаевті “ол кісі өлтіруші” деп атады.

“Ол – кісі өлтіруші. Ол жолы басқа Бишімбаев болды. Ал қазір мүлде басқа Бишімбаев. Ол жылап, Бақытжан мен адам өлтірдім, қолмен істегенді мойныммен көтеремін деп айтқан еді. Ата-анамның, балаларымның бетіне қалай қараймын, өлемін деп айтты”, – деді Бақытжан Байжанов.