Цифрлық платформа елдегі шағын және орта кәсіпкерлікке қалай әсер етеді?

0

Шағын және орта кәсіпкерлік – мемлекеттік экономиканың дамуына үлес қосатын аса маңызды бағыттарының бірі. Яғни, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы — әлеуметтің әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсаруын білдіреді. Экономика тұрақты болады. Сондықтан болар бұл саланы дамыту үшін мемлекет тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай шаралардың бірі – бизнеске арналған ашық цифрлық платформа (Ismet.kz).

Цифрлық алаңға тоқталмас бұрын, елдегі шағын және орта кәсіпкерліктің жай-күйін айтып өтсек. Экономистердің дерегінше, шағын және орта кәсіпкерлік арқылы жұмыспен қамтылғандар елімізде 31 пайызды құрайды. Ал әлем елдеріне көз жүгіртсек, бұл көрсеткіш АҚШ-та – 53 пайыз, Жапонияда – 70 пайыздан асады. ШОБ-тың инновациялық белсенділігіне келер болсақ, Статистика комитетінің жүргізген сауалнамасына сәйкес, 19 356 шағын кәсіпорынның 1007-де ғана инновациямен жұмыс істейді. Ал пайыздық көрсеткіштер бойынша небәрі 5,2 пайызды құрайды. ШОБ субъек­тілерінің ұлттық экономиканың түрлі салаларындағы үлесін атап өтер болсақ, бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 42 %-ға жуығы бөлшек сауда саласында екен. Ал ауыл шаруашылығында  18%-ы, құрылыста 2,7%-ы, көлік пен байланыста 7,6%-ы, қызмет көрсету саласында 26%-ы болса, өнеркәсіпте небәрі 2,9 пайыз екен.

Аталған саланы дамытуға арналған Ismet.kz жобасы 2018 жылдың жазында іске қосылды. Бұл еліміздегі жетекші байланыс операторы – «Қазақтелеком» АҚ-ның бастамасымен жүзеге асуда. «Қазақтелеком» АҚ бизнес-шешімдер және инфокоммуникация департаментінің директоры Қуат Сандаловтың сөзінше, айтулы жоба бизнес саласындағы кедергілер жоюға бағытталған.

«Біз шағын және орта бизнестегі бірнеше мәселелерге назар аудардық. Олардың бірі – процесті автоматтандырудың төмен деңгейі болып отыр. Ал Ismet.kz-тің әлеуеті өте жоғары. Біздің платформа арқылы қолданушылар мен жеткізушілерді электронды коммерцияға тартқымыз келеді. Ол барлық жағынан ыңғайлы, мұндай жайлы алаң әлі ойлап табылған жоқ», – дейді Қ. Сандалов.

Оның айтуынша, цифрлық платформаның басты тапсырмасы – бұл экожүйелерді құру. Артынша шағын және орта кәсіпкерлік үшін цифрлық қатынас жасалады.

Жобаның негізгі мақсаты — заманауи бизнестің жеңіл және қолжетімді алаңын құру. Портал жаңа мүшелерді тіркеу және қызметтерге тапсырыс беру үшін ашық. Кассаны, электронды құжат айналымын және бухгалтерлік есепті автоматтандыру бойынша қызметтер қолжетімді. Клиенттер қызметтер туралы пікірлер қалдыра алады және оларға бағалауды бере алады. Блогтар бөлімінде қызметтерді дамытуға, өзіңіздің бизнесіңіз туралы айтуға, басқа қатысушылардың пікірін жинауға және соңғы үрдістерді білуге болады.

Ismet.kz-тің артықшылықтары: уақыт пен транзакция бағасын қысқартады; жаңа нарықтық мүмкіндіктерді игеруге мүмкіндік береді; бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, білікті кадрлармен қамтамасыз етеді. Цифрлық платформа арқылы сату көлемін арттыруға, болжанатын кедергілерді оңай басқаруға және проактивті бизнесті құруға болады. Оған қоса, инвестор мен серіктес және сапалы мамандар табуға болады.

«Қамшы» сілтейді