Чехияның арнайы қызметі Кремль ықпалынан қауіптенеді
Уақыт өткен сайын Кремль насихатын үдетіп, арнайы қызмет белсенділігін арттырған. Мәскеу Чехия мен Орталық Еуропадағы саяси оқиғаларға көбірек ықпал етуге тырысып жатыр. Чехияның қарсы барлау қызметіне қарайтын Ақпараттық қауіпсіздік қызметінің (BIS) 2017 жылғы есебінде осылай деп көрсетілген. Оның құпия емес бөлігі Прагада жарияланды.
Құжатта мынадай жайлар баяндалған:
- 2017 жылы Чехияның бірқатар мемлекеттік органдарына, соның ішінде сыртқы істер министрлігіне кибер шабуыл жасалған. BIS деректері бойынша, хакерлер министрліктің ондаған қызметкерінің электронды поштасына кірген. Мұны ресейлік арнайы қызмет жасауы мүмкін деуге негіз бар.
- Белгісіз біреулер Чехияның қорғаныс министрлігінің бірқатар қызметкерлерінің электронды поштасын бұзып кіруге тырысқан.
- Ресейдің дипломатиялық және барлау құрылымдары Мәскеудің мүддесін көздеп, бірнеше негізгі кәсіпорындар мен компанияларды және ақпараттық кампания ұйымдарын өз бақылауына алуға тырысқан. Бұның ішінде «Дукановы» АЭС қосымша реакторын қалпына келтіру және салуға қатысты тендерге де назар аударуға болады, оған «Росатом» концерні қатысқан.
- Чехияда мемлекеттің шағын екеніне қарамастан ресейлік дипломатия қызметкерлерінің саны тым көп. 2016 жылы Ресей елшілігі мен консулдық қызметінде 51 дипломат пен 86 әкімшілік-техникалық қызметкер жұмыс істеген. Салыстыра кетейік: Ресейде Чехияның 20 дипломаты мен 45 дипломатиялық емес қызметкері жұмыс істейді. BIS дерегі бойынша, Чехияда жүрген ресейлік дипломаттардың басым бөлігі барлау қызметімен айналысады, сондықтан «елшіден бастап көлік жүргізушіге дейін» бәріне қарсы барлау қызметі күмәнмен қарайды.
- «Балама» әрі ашық түрде жалған ақпарат тарататын интернет БАҚ саны көбейіп келеді, олар ресейлік ресми үгіт-насихаттың негізгі постулаттарын қайталайды. Атап айтқанда, Чехияның ЕО мен НАТО-ға мүше болуын сынайды. Дегенмен, BIS-тің есебінде атап көрсетілгендей, олардың басым бөлігі жергілікті белсенділердің «еңбегінің нәтижесі». Олар «өздерінің азаматтық құқығы мен еркіндігін пайдалана отырып, өздері шынайы деп санайтын ақпаратты таратады». Солай бола тұра олардың іс-әрекеті Кремльдің гибридтік стратегиясын жүзеге асыру кезінде «бүркемелеуші» функция да атқаруы мүмкін.
- Ресеймен қатар Қытайдың арнайы қызметі де ұлттық қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіреді. Баяндама авторларының айтуынша, олар ең алдымен Қытайдың Еуропадағы экономикалық мүддесіне қатысты өнеркәсіптік тыңшылық пен ақпарат жинауға мән береді.
Қарай отырыңыз: «Кремльдің чех достары» – Азаттықтың деректі фильмі (2015)
Есеп Азаматтар құқығы партиясын (SPO) қаржыландыруға қатысты журналистік зерттеумен бір мезетте жарияланды. Партия әуелі Чехияның бұрынғы премьері Милош Земанды қолдайтын клуб ретінде пайда болған. Бес-алты жыл бұрын саясаттан уақытша кеткен соң президент сайлауына қатысты.
Земан 2013 жылы мемлекет басшысы болды. Биыл жыл басында 5 жылдық мерзімге қайта сайланды. Ол ЕО-ның Кремльге қарсы санкциясын алып тастауды белсенді қолдайтын саясаткерлердің бірі.
Земан бірнеше рет сыртқы саясатқа қатысты оғаш ұсыныстар жасады. Атап айтқанда, Ресей Қырымды аннексиялап алғаны үшін Украинаға өтемақы төлесін, осылайша түбектің қай елге тиесілі екені туралы мәселені жабу керек деді.
Прагалық MF Dnes газетінің дерегінше, Земан партиясына чехиялық бизнесмен Михаил Пеханның фирмасы қаржылық тұрғыда демеген. Ал Земан қайтадан президент болып сайланған соң фирма президенттік резиденция – Прагалық Градқа қызмет көрсету бойынша бірқатар тапсырыстар алған.
Швейцариялық адвокат Фабио Делкоға қарайтын Лихтенштейнде тіркелген компания да Пеханға тиесілі. Ол Земан партиясын қолдайтын бірнеше фирмамен бірге жұмыс істейді.
Делконың есімі «панама құжаттарында» да аталады. Оны Владимир Путин айналасындағы топтың Ресейден капитал шығаруына көмектескендердің бірі деседі. Делко да, Пехан да Земанды қолдағаны жайлы ақпарат құралдарына жауап беруден үзілді-кесілді бас тартады.
BIS-тің жылдық есебі мен Чехияның қауіпсіздік саласы туралы Азаттық радиосына сұхбат берген Саясат және қоғамдық мәселелер институтының (Прага) сарапшысы Роман Мацамен сөйлестік.
Азаттық: – Ақпараттық қызмет ресейлік арнайы қызметтің Чехия аумағында белсенді жұмыс істеп жатқанын осымен бірнеше рет мәлімдеді. Биылғы есептің (яғни, оның құпия емес бөлігінде) жаңалығы неде?
Роман Маца: — Көп нәрсе қайталанып жатыр, бірақ биылғы есепте Прагадағы Ресей елшілігі штатының тым көптігіне және оның іс-әрекетіне баса назар аударылған. Біздегі арнайы қызметтің ақпараты бойынша, дипломатиялық өкілдіктің көптеген қызметкерлері дипломатиялық емес, басқа қызметпен айналысады. Соның ішінде құпия ақпаратты алуға тырысу, ықпал ету желісін құру және тағы басқа нәрселер бар. Ресей елшілігі штатының тым ауқымды болуы Чех сыртқы істер министрлігіне қысым жасау құралы қызметін де атқаруы мүмкін. Біздегі ресейлік дипломаттар саны мен Ресейдегі чех дипломаттарының саны үлес салмағы тең емес, сондықтан егер Чехия Ресей дипломаттарының санын азайтуға тырысса, Ресей де сондай амал қолдануы мүмкін. Ал бұл чех дипломаттарының жұмысына кедергі келтіруі ықтимал.
Азаттық: Дегенмен Чехияның жаңа сыртқы істер министрі Томаш Петржичек жақында Ресей елшілігіндегі қызметкерлердің санын қысқарту туралы мәселе көтерді. Мұның жүзеге асуы мүмкін бе?
Роман Маца: — Осындай пікірдің айтылғанының өзі маңызды. Демек, біздің дипломатия тарабынан дайындық басталды, осы әрекет арқылы саяси қолдау табуға тырысып жатыр дегенді білдіреді. Әрине, егер ресейлік «дипломаттар» санын азайту туралы нақты талап қойылса, оған президент пен оның айналасындағылар қарсы шығады. Мысалы, олардың арасында Мәскеудің көпжылдық одақтасы – коммунистік партиясы да бар. Бірақ чех үкіметі елшілікке қатысты мәселенің қаншалықты маңызды екенін білетініне сенімдімін.
Азаттық: — Бір жағынан чех арнайы қызметі елдегі ресейлік барлаудың белсенділігі туралы ескертеді. Екінші жағынан, сіз айтқандай, билікте Кремльге бүйрегі бұратындар бар. Мұндай жағдайда «Гибридтік» қатермен күрес жайлы қалай айтуға болады?
Роман Маца: — Бұл жағдайда «бүйрек бұру» деп қана айту жеткіліксіз болар. Соңғы кездері Земан партиясын қаржылай қолдап, Милош Земанның президент болуына көмектескені туралы жаңа деректер шығып жатыр. Кезінде Милош Земанды ел президенті етіп сайлау мақсатында құрылған Азаматтар құқығы партиясы бар. Бұл жерде саяси ‘симпатия» емес, қаржылық байланыстар туралы, нақтырақ айтқанда, қандай да бір қызмет үшін қаржыландыру жайлы айтқан жөн. Земанның сайлау кампаниясы кезінде оның маңында Ресеймен тығыз байланысты адамдар жүрді (біразы әлі де жүр) — Мирослав Шлоуф (SPO мен Земанның сайлау кампаниясын ұйымдастырушы, 2018 жылдың басында дүние салды – Азаттық), Зденек Збытек, Мартин Неедлы (Земанның жетекші кеңесшісі – Азаттық) және басқалар.
Азаттық; — Бірақ бұл партия ешбір сайлауда парламентке өтпеді. Ақшаның бәрі желге ұшты ма?
Роман Маца: — Жаңа айтқанымдай, партия Милош Земанды президент етіп сайлау үшін құрылды. Земан сайланды, партия өз міндетін атқарды. Бірақ елімізде Кремльдің мүддесін жүзеге асыруға ықпал ететін парламенттік партиялар бар. Оған біріншіден коммунистер мен оңшыл-популистік Томио Окамураның тікелей демократиясын қолдайтын одақты жатқызамыз.
Азаттық: — Өз есебінде қарсы барлау қызметі Чехияның саясаткерлері мен азаматтарына Кремльден төнетін ұлттық қауіпсіздікке»жеңіл-желпі қарамау» туралы ескертеді. Чехтар өздеріне қарсы «гибридтік соғыс» болуы мүмкін екеніне сенбей ме?
Роман Маца: — Иә, қоғамның біраз бөлігі бұған басқаша қарайды. Бізде Польша немесе Балтық елдеріндегі сияқты консенсус жоқ. Ол елдерде көпшілік Путин режимінен қауіптенеді, оған қарсы шара қабылдау керектігіне сенімді. Бізде бәрі басқаша, қоғам екіге бөлінген, президент Земан бастаған кремльшіл саясаткерлер оны ушықтыра түседі. Нақтылап айтсақ, батысшыл және ресейшіл азаматтар бар. Біріншісі еркін азаматтық қоғам үлгісін қолдайды, оның мүшелері өздері үшін жауап береді. Екіншілер «бәріне қамқорлық жасайтын» авторитар көсемі бар қоғамды аңсайды. Екінші топтың ішінде ересек буын өкілдері көп. Олар елдің «барқыт революциядан» кейінгі дамуына қапалы немесе өздерінің жастық шағы өткен»ескі заманды» сағынады. Олардың түсінігі ақылға қонымсыз, бірақ Кремльдің үгіт-насихаты соған иек артады.
Азаттық: — Қоғамда плюрализм бар екен, сыртқы саясаттағы ұстаным да бірдей емес, ендеше неліктен кәдімгідей демократиялық түрде пікірталас жүргізуге болмайды? «Үгіт-насихат», «гибридтік соғыс» деп айта берсек, Чехиядағы ресейлік туристерге қарсы ксенофобия тумай ма?
Роман Маца: — Ештеңе бүлдірмесе, ресейлік туристерге еш қауіп жоқ деп ойлаймын. Үгіт-насихат немесе гибридтік соғыс әсері туралы айтқанда, басқа мәселе жайлы айтамыз: жасанды үрей тудыру, эмоцияға әсер ету, бөлу, жалған ақпарат беру. Сондықтан да BIS өз есебінде оңшыл және солшыл экстремистердің Кремльге бірдей оң көзбен қарайтынын ескертеді. Соңғы жылдары бізде ресейшіл ұстанымдағы әскериленген ұлттық ұйымдар пайда болды, оларды қарсы барлау қызметі қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіретін ұйымдар деп санайды. Оларды Кремльдің гибридтік стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастыруға болады.
Дереккөз: Азаттық