БҰҰ бас хатшысы әлемді ынтымақтастыққа шақырды
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бас хатшысы Антониу Гуттериш жаңа жылдық үндеуінде әлем қауымдастығын адамзатқа төнетін қауіп-қатерлермен күресу үшін ынтымақтастыққа шақырды.
Гутерриш әлем тұрғындарына жаңа жылда бақыт, бейбітшілік пен ырыс тілеген. Сонымен бірге ол адамзатты күллі әлемнің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіретін көптеген қиындықтар мен қатерлер жайлы ескерткен.
БҰҰ басшысы ең негізгі қауіп ретінде күткендегіден әлдеқайда тез болып жатқан климаттың өзгеруін айтқан.
«БҰҰ климаттың өзгеруі туралы Париж келісімін жүзеге асыру жөніндегі жұмыс бағдарламасын бекіту үшін Катовицада барлық елдің басын қосты. Енді біз күллі әлемнің тіршілігіне төніп тұрған бұл қауіп-қатермен күресті күшейтуіміз керек. Соңғы мүмкіндікті пайдаланар шақ келді. Бақылаусыз және жылдам үдеп бара жатқан климат өзгеруін тоқтатар сәт жетті» делінген Гутерриштің үндеуінде.
БҰҰ бас хатшысы әлемде геосаяси қайшылықтардың күшейгені туралы да ескерткен. Соның салдарынан жанжалдардың шешімін табу барған сайын қиындай түскен. Бұған қоса Гуттериш адамзатқа төніп отырған қауіп-қатерлердің арасында атаған мүлік теңсіздігі мен төзімсіздіктің ұлғайып бара жатқанын айтқан.
Сонымен бірге БҰҰ басшысы әлемге үміт отын жаққан жайттардың барын да айтқан. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Йемен мен Оңтүстік Суданда бейбітшілік орнатуға бұрын-соңды болмаған мүмкіндік туып тұр. Жақында Эфиопия мен Эритрея үкіметтері қол қойған келісім көршілес екі елдің қарым-қатынасындағы шиеленісті бәсеңдетуге септескен.
Гутерриштің айтуынша, бұл халықаралық ынтымақтастықтың әлемді жақсылыққа жетелейтінін көрсетеді.
Дереккөз: Азаттық