30 желтоқсан. Туған күн иелері

0

2018 жылғы 30 желтоқсан 08:08

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін, яғни 30 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.


30 желтоқсан. Туған күн иелері
ЕСІМДЕР

 

79 жыл бұрын (1939) мемлекет және құқық теориясы саласындағы ірі заңгер-ғалым,  Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Салахиден Нұрсарыұлы СӘБИКЕНОВ дүниеге келді.

Атырау облысы, Новобогат ауданы, Манаш ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1959-1964 жылдар арасында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдады. 1964 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым Академиясының Философия және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. Ал 1969 жылы КСРО ғылым академиясының мемлекет пен құқық институтының аспиранты атанып, заң ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды. 1986 жылы «Социализм қоғамында құқық пен әлеуметтік мүдделердің өзара байланысы» тақырыбында диссертация қорғап, заң ғылымдарының докторы атанды. 1995 жылдан ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ал 2004 жылы ҚР ҰҒА Академигі болып сайланды. Сонымен қатар,  ҚР Табиғи ғылымдар академиясының академигі және Әлеуметтік академиясының академигі. Профессор.

1970-1993 жылдар арасында аға оқытушы, доцент, кіші ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, профессор, кафедра жетекшісі мен КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектеп басшысының ғылыми іс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1993 жылдан ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматыдағы жоғары мектеп басшысының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1995 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 6 жыл мерзімге ҚР Конституциялық кеңесі мүшесі болып тағайындалды. 1996 жылдан 2006 жылға дейін «Халықаралық құқық және нарық Академиясы» ЖАҚ  Ректоры болды.

Профессор С.Н. Сәбикенов Қазақстар Республикасы Жоғарғы сотының Ғылыми-консультациялық кеңесінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік аттестациялық комиссиясының мамандар кеңесінің, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының Докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңестің мүшесі болған.

Мемлекет және құқық теориясы мен конституциялық құқықтың өзге де өзекті мәселелері жөнінде 5 монография және 70-тен астам ғылыми еңбек жазған. 



64 
жыл бұрын (1954-2017) белгілі журналист, ҚР журналистика академиясының академигі Жұмабек Омарұлы КЕНЖАЛИН дүниеге келді.

Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Торғай облысы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, әскер қатарында қызмет етті, шаруашылықтарда жұмыс істеді. 1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. 1990 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1994 жылдың қаңтарына дейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

1999-2006 жылдары «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» журналының Бас редакторы, 2009 жылдың ақпанынан «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры — редакторлар кеңесінің төрағасы болды.

«Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» деп аталатын деректі әңгімелер мен эсселер кітаптарының авторы.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының лауреаты (2006), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2004). Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі — академигі (2001).



48 жыл 
бұрын (1970) жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы  Аида Дәденқызы ҚҰРМАНҒАЛИЕВА дүниеге келді.

1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономикалық әдеуметтік жоспарлау мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1993 жылдан — ҚР  Қаржы министрлігінің экономисі. 1997 жылдан — ҚР Қаржы министрлігі басқармасының бастығы, директордың орынбасары. 2002 жылдан — ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік сала шығыстарын жоспарлау департаментінің, әлеуметтік саланы дамыту департаментінің директоры. 2009 жылдың желтоқсанынан бері — ҚР денсаулық сақтау вице-министрі.

Қазіргі қызметіне 2017 жылдың ақпан айында тағайындалған.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ҚР Құрмет грамотасымен, ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен марапатталған.



41 жыл
бұрын (1977) Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Тимур Амантайұлы ЖАНКЕ дүниеге келді.

1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек тәжірибесі: Алматы қаласы туризм департаментінің бас маманы (1999-2001); Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің жетекші маманы, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы »АҚ бас менеджері, «ҚазМұнайТеңіз»Теңіз мұнай компаниясы» АҚ Бас директорының көмекшісі, «ҚазМұнайГаз-Сервис Компас» ЖШС Бас директорының орынбасары (2001-2008); «ҚазМұнайГаз-Сервис Компас» ЖШС бас директоры.

Қазіргі қызметін 2014 жылдың қазан айынан бастап атқарып келеді.  

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz