Бұл «саяси сигнал» ма? Қытай Қазақстанның жүк вагондарын өткізбей, кәсіпкерлер шығынға батып жатыр

0

Қытай қарашадан бері Қазақстаннан барған дәнді дақыл, түсті металл, тыңайтқыш, құрылыс материалдары мен басқа да тауар тиелген мыңдаған жабық жүк вагонын қабылдамай қойды. Тауарын өткізе алмаған экспортерлер жүздеген миллион доллар шығынға батып, қайсыбірі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Қытайдың жүкті өткізбеуінің ресми себебі – шекара аумағында карантин ережесінің күшеюі. Қытайдың жүкті қабылдамауының қандай да бір саяси астары бар ма?

«ҚАП БЕТІНДЕ 2-3 АЙ ӨМІР СҮРЕТІН» ВИРУС

«Северное зерно» компаниялар тобының құрылтайшысы Евгений Карабанов қараша айында Қытайға теміржолмен 17 вагон зығыр дәнін жіберген. 2012 жылдан бері Қытайдағы компаниялармен жұмыс істеп жүрген экспорттаушы бұған дейін тауарды шекарадан еш кедергісіз өткізетін. Бірақ осы жолы құны 670 мың доллар тұратын жүк қабылданбай, зығыр толы вагондар бес айдан бері жолда қаңтарылып тоқтап қалды.

"Северное зерно" компаниялар тобының құрылтайшысы Евгений Карабанов
«Северное зерно» компаниялар тобының құрылтайшысы Евгений Карабанов

– Қытай бас кеден басқармасы мен ауыл шаруашылығы министрлігі қол қойған хаттамадағы талаптарға сай, жүкті қаптарға салдық. Бірақ Қытай карантин ережесін күшейтіп, «вагондардан қап түсіретін адамдардың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін, қап бетінде вирус 2-3 ай өткен соң да өмір сүре береді» деп жүкті қабылдамады, – дейді Евгений Карабанов.

Азаттық бұл мәселе бойынша Қазақстан экспортерлерінің жүгін теміржол арқылы Қытайға тасымалдайтын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына» (ҚТЖ) ресми сауал жолдады. Компания Азаттыққа берген жауабында «Қытай тарабы 2020 жылдың 16 қарашасынан бастап жабық вагондағы, қапқа салынған жүкті қабылдамайтынын» жеткізді. 2020 жылдың 6 желтоқсанында ҚТЖ-ға хат жолдаған «Қытай темір жолдары» мемлекеттік корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Лу Дунфу қарашаның ортасынан бастап вагондардың қабылданбау себебін Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы жергілікті үкіметінің «індеттің алдын алу және бақылауды күшейту» шарасымен түсіндірген.

КЕРІ ҚАЙТҚАН ТАУАР, ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАН ЖҰРТ

«Қазақстан темір жолына» қарасты «ҚТЖ – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестік 1 сәуірден бастап Қытай қабылдамаған вагондарды бастапқы жөнелту стансаларына кері қайтара бастады. Жүгін өткізе алмай, табыстан қағылған Евгений Карабанов енді вагондарды өз есебінен элеваторға қайтаруға мәжбүр. Оның айтуынша, тауарды Қытайға жеткізіп, кері қайтарудың шығыны әр тоннаға 55-60 доллар шамасында. Экспортер бәрінен де бес айдан бері ауа кірмейтін жабық вагонда тұрған тауар сапасына алаңдайды. Өйткені зығыр бүлінсе, кәсіпкер үлкен шығынға батады.

– Төрт айдан бері әрі-сәрі күйдеміз. Ақшаның бәрі айналымдағы тауарға салынды. Қағаз жүзінде ақша бар болғанымен, іс жүзінде жоқ. Несие бойынша міндеттемеміз тағы бар. Кері қайтатын тауар бүлінбеді деп үміттенеміз. Тауар дұрыс күйде болса, оны қайта сатуға болады, – дейді Евгений Карабанов.

Карабанов бюрократиялық кедергілер кесірінен жүкті қайтаруда біраз әуре-сарсаңға түскенін айтады. Жүкті қайтару үшін кеден декларациясының күшін жою керек болды, кедендегілер сұратқан құжаттар бүкіл Қазақстан аумағында тұрып қалған вагондар ішінде болған. «Қазақстан темір жолы» вагондардың қайда тұрғаны жайлы анықтама берген соң, декларацияның күші жойылып, вагондар кері қайтарыла бастады.

Қазақстан-Қытай шекарасындағы жүк контейнерлері.
Қазақстан-Қытай шекарасындағы жүк контейнерлері.

Арпа мен зығыр егіп сататын «Green Gold SKO» ЖШС былтыр қарашада Қытайға құны 500 мың доллар зығыр тиелген 20 вагон жөнелткен. Бірақ тауары қабылданбай, табыссыз қалған компания жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Компания директоры Қанат Баймұхамбетовтың айтуынша, 70 адам қарашадан бері ақысыз еңбек демалысында.

Жүкті кері қайтарып жатқан экспортерлер шығынның орнын толтырып, тауарды өткізудің басқа жолдарын қарастырып әлек. Тауар бүлінбесе, оны контейнерге жүктеп, Қытайға қайта жөнелтуге болады. Қытай контейнермен жүк қабылдауға шектеу салған жоқ. Алайда вагонмен салыстырғанда, контейнермен жүк тасымалдау анағұрлым қымбат.

Қанат Баймұхамбетовтің айтуынша, соңғы екі айда контейнермен жүк тасымалдау бағасы екі есе өсіп, бір тоннаны жеткізу 100 долларға жетті. Ал жабық вагонмен бір тонна жүкті тасымалдау ақысы 35-40 доллар шамасында. Оның үстіне элеваторлар жүкті тек вагонға тиеуге лайықталған.

– Солтүстік Қазақстан облысындағы элеваторларымыздың 90 пайызы контейнерді қабылдай алмайды, оған арнайы қондырғы мен тиейтін орын керек. Сондықтан контейнерге көше салу мүмкін емес, – дейді ол.