«Бұл – қорлау»: Павлодар облысында әкім жағдайы төмен тұрғындарға сыйлық ретінде екі бөлке нан берген

0
Павлодар облысы Жолболды ауылының әкімі көп балалы аналар мен жалғыз басты зейнеткерлерге екі бөлкеден нан таратқан. Мұндай ерекше сыйлық туралы көп балалы аналардың бірі Instagram парақшасында жариялады. Әйел әкімнің бұл тартуын қорлау деп санайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

Белгілі болғандай, нанды ауыл тұрғындарына жаңа жылдық мерекелерден бір күн бұрын жергілікті  билік өкілдері тарту еткен. Әкімдік қызметкерлері тұрғындарға нан табыстау сәті түсірілген фотоны Instagram-дағы ресми парақшаларына «ауылдық округ әкімі көп балалы аналар мен жалғыз басты зейнеткерлерге нанды тегін таратты» деген жазумен жариялап қойған. Әкімдіктің бұндай сыйы тұрғындарды абдыратып, ашуына тиген.

«Әкімдіктің пікірінше, біз нан сатып ала алмай отырмыз ба? Мереке бола тұра осындай сыйлық берілуі керек пе? Менің ойымша, бұл – тұрғындарды қорлау», – дейді көпбалалы ана.

Ал ауыл әкімдігі ешкімді ренжіткісі немесе қорлағысы келмегендерін мәлімдеді.

«Біз әкімдікке ешкімді шақырған жоқпыз. 30 желтоқсанда демеушілерден нан алдық, ал біздің мамандар мұқтаж тұрғындардың үйлеріне жеткізіп берді. Фотосуретке қоғамдық жұмыстармен айналысатын екі әйел түскен. Біреуі  – көп балалы ана болса, екіншісінің жағдайы төмен. Біз оларды арнайы шақырмадық, оларға жай ғана нан тараттық. Бірақ барлығынан кешірім сұрадық, ешкімді ренжіткіміз келмеді», – деп түсіндірді Жолболды ауылдық округінің әкімі Хамит Ахтанов.