500 адам Алматы облысындағы шекара қызметі департаментін басып алмақ болған

0

5 қаңтарда шоқпар, дыбыстық граната және арматурамен қаруланған 500-ге жуық адам Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің ғимаратын басып алмақ болған, деп хабарлайды kznews.kz сайты nur.kz порталына сілтеме жасап.

Алайда жауынгерлер нысанды қорғап қалды.

Периметр бойымен орналасқан бейне камераларды істен шығарған шабуылшылар ғимарат ішіндегі қаруға қол жеткізуді көздеген.

«Департаменттің нысандарын қорғауға қалған шекарашылар жеке құрамның күшімен шабуылшыларды ығыстыра алды», — деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

5 қаңтар күні сағат түскі екі шамасында шабуылшылар көрші орналасқан Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының ғимаратын басып алып, оны өртеп жіберген.

Өрт сөндіру машиналары жеткенше шекарашылар қызыл жалынды өз күштерімен ауыздықтауға кірісіп кеткен.

Осылайша, прокуратураның 57 қызметкерін, қорғаныс министрлігінің 2 курсантын шекара қызметі департаментінің аумағына эвакуациялады.

«Дәл осылайша, шекарашылар қылмыскерлердің 7 өрт сөндірушіні тұтқынға алу әрекетіне жол бермей, оларды шекара қызметі департаментінің аумағында жасырды», — делінген хабарламада.