«Бұл айуандық шабуыл»: Батыс елдері Ресейдің Украинаға басып кіруі туралы айтты

0
997

«Президент Путин адам шығыны мен қайғы алып келетін қасақана жоспарланған соғыс жолын таңдады», — деді Байден. »

Джо Байден бейсенбі күні «Үлкен жетілік» көшбасшыларымен кездесу өтетінін айтты. Ол сондай-ақ Ресейге қарсы қатаң санкциялар салуға уәде берді.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон да Мәскеудің әрекетіне батыл жауап беруге уәде берді.

«Мен Украинадағы жан түршігерлік оқиғалардан шошып кеттім және президент Зеленскиймен келесі қадамдарды талқыладым. Біздің миссиямыз анық. Дипломатиялық, саяси және әскери тұрғыда жасап оытрған Путиннің айуандық  әрекеті сәтсіз аяқталуы керек. Бұл мағынасыз және абайсыз агрессия әрекеті тек Украинаға жасалған шабуыл емес. Бұл Шығыс Еуропадағы және бүкіл әлемдегі демократия мен еркіндікке жасалған шабуыл», — деп жазды Джонсон.

Франция президенті Эммануэль Макрон да Ресейдің әрекетін айыптап, соғыс қимылдарын тез арада тоқтатуға шақырып, Украина халқымен ынтымақтастығын білдірді.

Германия канцлері Олаф Шольц Ресейдің Украинаға жасаған шабуылын халықаралық құқықты өрескел бұзу деп атады.

«Мұны ешнәрсе ақтай алмайды. Германия президент Путиннің абайсыз әрекетін қатаң айыптайды. Біз Украинамен және оның халқымен ынтымақтасамыз», — деп жазды канцлер твиттерде.

Өз кезегінде Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок Владимир Путиннің әрекетін жан түршігерлік деп атап, Украина аумағында жүрген неміс азаматтарын шұғыл түрде елден кетуге шақырды.

«Соңғы айларда біз Ресей дағдарысын дипломатия арқылы бейбіт жолмен шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Мәскеу біздің келіссөздер туралы өтінішімізді қабылдамады. Украиндар мұндай қантөгіске лайық емес, олар ештеңе жасаған жоқ. Украина демократияға, бейбітшілікке және қысымсыз өмір сүруге құқылы», – дейді ол.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Лейен әскери операцияның басталуын «айуандық шабуыл» деп атады.

«Біз қазір Украинада шабуылдың астында қалған, болашағы үшін қорқып отырған бейкүнә әйелдерді, ерлер мен балаларды уайымдап отырмыз», — деп жазды Урсула фон дер Лейен твиттерде.

Ол сондай-ақ Еуроодақтағы ресейлік активтерге тыйым салынатынын, ресейлік банктердің Еуропалық Одақтың қаржы нарықтарына кіруіне тосқауыл қойылатынын айтты.

«НАТО-ның одақтастары Ресейдің Украинаға жасалған жан түршігерлік шабуылын қатаң түрде айыптайды, бұл мүлдем негізсіз. Біздің Украина халқын уайымдап отырмыз. Ресейдің әрекеті Еуро-Атлантикалық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді», — деп жазды НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Twitter-де.

Қытай Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Украинадағы операциясын «басқыншылық» деп атаудан бас тартып, барлық тараптарды сабырлы болуға шақырды.