Бүгін Берік Әбдіғалиұлының туған күні
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлының туған күні. Алаш тарихын зерттеу ісіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған азамат 50 жасқа толды. Берік Әбдіғалиұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Еңбек жолын ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтынан бастаған. Кейінрек 1997-1999 жылдарда ҚР Баспа және бұқаралық ақпарат ісі жөніндегі ұлттық агенттігінде, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде, ҚР Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді. 2001-2002 жылдары – Қарағанды облысы Теміртау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. «Ақ жол» ҚДП Ұлттық зерттеулер институтының директоры, «Саяси ағарту қоры» ҚҚ президенті де болды. 2010 жылғы қаңтар мен 2012 жылғы қаңтар аралығында – Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі, Жезқазған қаласының әкімі, 1-ші Вице-Премьердің кеңесшісі, Қостанай облысы Арқалық қаласының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Мәжіліс депутаты болып сайланғанға дейін Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі болды.