«СК-Фармация»-ның экс-басшысы сотталды

0

«СК-Фармация» ЖШС басқармасының бұрынғы төрағасы Берік Шәріп 3,5 жылға сотталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

«Шәріптің өзінің лауазымдық міндеттерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланғаны анықталды. Бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылып, ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша жаңа айыптау үкімі шығарылды. Шәріп үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды», — делінген Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот Берік Шәріпке тағылған айыптауларды негізсіз деп тауып, ақтап шыққан. Пандемия кезіндегі көпшілік дәрі таппай сарсаңға түскен шақта ең үлкен фармацевтикалық компанияға жетекшілік жасаған  Шәріп тек заңсыз қару сақтағаны үшін ғана жазаланып, оған 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.