Бүгін — Ахмет Байтұрсынұлының туған күні
Бүгін — тіл білімінің атасы һәм реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ұлт зиялысы 1873 жылдың 5 қыркүйегінде дүниеге келді.
Тұтас буынның төл басы болған Байтұрсыновтың алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді (1911). «Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы 20 ғ. басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Ф. Вольтер, С. Я. Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсыновтың тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.
Назарларыңызға Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздерін ұсынамыз.
Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.
Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?!
Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек.
Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса.
Әркім өзі жақсы білетін нәрсесін сынауы керек.
Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.