БҚО-да келіншек отбасына өзін ұрлап кетті деп айтып, шындығында басқа ер азаматпен қашып кеткен — Қазақстан жаңалықтары
Батыс Қазақстан облысында әйел отбасына өзін ұрлап кетті деп айтып, шындығында басқа ер азаматпен қашып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Жоғалып кеткен келіншек күйеуі Мырзағалимен некелескеніне жеті жыл болыпты. Сөзінше, жары Гүлнұрдың бірінші жұбайынан бір ұлы болыпты. Бірақ оны өз баламдай көріп, бауырыма бастым дейді ер азамат. Кейін ерлі-зайыптылар тағы да үш бала сүйіпті.
«22 мамыр күні әйелім үйден кетіп қалды. Балалар үйде жалғыз қалыпты, үлкенімнің жасы сегізде ғана. Анасы қайдан кетіп қалғанын білмеген. Кейіннен Гүлнұр өзінің ұрланғанын айтып, мені Ақжайық ауданына алып бара жатыр деп WhatsApp-пен хат жіберді. Бірақ ол жақтан таба алмадық. Біраз уақыттан соң ол бәрі дұрыс екенін айтты. Алайда мен полицияға хабар бердім», — дейді Мырзағали.
Полицейлер арыз түскенін растап отыр. Айтуларынша, тәртіп сақшылары әйелді іздестіруге кірісіп кетіпті.
«Біз көп балалы ананы ешкім ұрламағанын анықтадық. Ол басқа ер азаматпен танысқан. Әлгі ер адам Оралға келіп, әйелді Жанғалы ауданына алып кеткен. Қазір біз олардың блок-бекеттен қалай өтіп кеткенін анықтап жатырмыз», — деді Орал қаласының полиция бөлімінің тергеушісі Нәлібай Бақдаулет.
Қашып кеткен әйел де, оның жаңа сүйіктісі де табылып, оқиғаға қатысы барлардың барлығы полиция бөлімшесіне жеткізіліпті. Полицейлердің сөздерінше, бейтаныс азамат еш жерде жұмыс істемейтін ауыл тұрғын болып шыққан.
«Күйеуім ұратын. Менің оған деген сезімім сөнді, бұл туралы туыстарыма айтудан ұялдым. Балаларымды алып кетейін деп үлгермей қалдым. Қазір олар әпкемнің қолында. Жаңа күйеуім балаларым мен мені өз қамқорлығына аламын деп сөз берді», — дейді Гүлнұр.
Полицейлер олардың барлығы үйлеріне қайтарылғандығын атап өтті. Бұл жағдайға байланысты әкімшілік не қылмыстық іс қозғау заң бойынша қарастырылмаған көрінеді.
stan.kz