Кентауда коронавирус жұқтырған әйел дені сау бала туды

0

Нәрестеден бірден коронавируске талдау алынған. Қазір бөлек палатада оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында

НҰР-СҰЛТАН, 30 мамыр – Sputnik. Түркістан облысындағы Кентау қаласында коронавирус жұқтырған әйел дені сау сәбиді дүниеге әкелді, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметі.

Кентау қаласының 23 жастағы тұрғыны 27 мамыр күні қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Коронавируске шалдыққан әйелдің толғағы қысып, денсаулығына қауіп төнуіне байланысты дәрігерлер шұғыл түрде ота жасады.

 Дүниеге келген қыз баланың салмағы – 3 килограмм, бойы – 51 сантиметр. Нәрестеден бірден коронавируске талдау алынған.

«Сәби індеттен дін аман. Қазір бөлек палатада оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында. Анасының да жағдайы бірқалыпты. Жас ана инфекциялық бөлімде ем қабылдап жатыр. Бұл оның екінші перзенті», – делінген хабарламада.

Қауіпті дертке ұшырап, сан ойға кеткен әйел ақ халатты жандарға алғысын жаудырды. Отаға жетекшілік еткен реанимотолог-дәрігер Ержан Жұмашев тәулік бойы осы инфекциялық госпитальда болады. Отбасымен алда тағы екі аптада көріспейді.

Оқи отырыңыз: Атырауда коронавирус жұқтырған екі әйел босанды 

«Коронавирус індетіне шалдыққан науқастарға ота жасағанда қорғаныш киімдері аздап ыңғайсыздық тудырады. Біз үшін бұл әйелдің сауығып, перзентін қолына алғаны үлкен қуаныш болады», – дейді ол.

Кентау қалалық ауруханасының дәрігерлері осымен коронавируске шалдыққан екінші науқасты босандырып алды.

Түркістан облысында қауіпті індетті 364 адам жұқтырған. 199 науқас дертінен айығып, үйіне оралды.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз