«Борат24» дүкені бар: ҰҚК есірткі тасымалдаған қылмыстық топты құрықтады

0

Ұлттық қауіпсіздік комитеті интернет дүкен арқылы есірткі сатқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылдың сәуір-қазан айларында ҚР ҰҚК шетелден Қазақстанға синтетикалық есірткі жеткізуді, сондай-ақ, оларды жасауды және «Борат24» интернет-дүкені арқылы сатуды жүзеге асырған трансұлттық қылмыстық топ әрекетінің жолын кесу бойынша ауқымды операция өткізді.

«Трансұлттық есірткі құрылымына 34 қатысушы ұсталып, 8 есірткі зертханасы жойылды. Еліміздің ірі мегаполистері – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентке контрабандалық жолмен әкелінген 40 келі психотроптық зат алынды. Алынған есірткінің қара нарықтағы бөлшек құнының болжамды бағасы — 600 миллион теңге (80 мың мөлшерлеме).

Одан басқа, «биткоиндар» сатып алу және оларды шетелге шығару бойынша қаржы операцияларын жүзеге асыру жолымен есірткі сатудан алынған ақшалай қаражатты заңдастыруды ұйымдастырған заңсыз криптоайырбастауыштар әрекетінің жолы кесілді», — делінген хабарламада.