Болашақ дәрігерге физика керек пе?
Бірақ жаңа жоспарды қарай отырып, тағы да әттеген-ай дейміз. Бұрын жоғары медициналық оқу орындарында физика, биофизика, математика пәндері жеке-жеке оқытылып келген болатын, кейін бұл пәндер біріктіріліп медициналық биофизика деп аталды. Жаңадан қабылданған жоспарға сәйкес енді бұл пән міндетті түрде оқытылатын пәндер қатарынан алынып тасталды. Осыған сәйкес көптеген медициналық университеттер аталған пәнді оқу жоспарларына қоспай отыр. Яғни оған бөлінген уақытты клиникалық қажетті пәндерге жұмсаған дұрыс деп шешті. Осы жерде министрліктің шешімі қаншалықты дұрыс, неге негізделіп қабылданды, шетел жоғары медициналық оқу орындарында бұл пән оқытыла ма деген сұрақ туады. Алдымен медициналық биофизика пәні болашақ дәрігерлерге қаншалықты қажет, қандай теориялық мәліметтер береді, қандай дағдыларға үйретеді деген мәселеге тоқталайық.
Адам ағзасында орын алатын көптеген құбылысты шартты түрде анатомиялық, физиологиялық, химиялық және физикалық деп бөлу қалыптасқан. Соның ішінде жүректің қан айдауын, көру, есту, сезіну, бұлшық еттің жиырылу және басқа физиологиялық құбылыстардың негізі таза физикалық процестерге келіп тіреледі және аталған құбылыстарды физиканың заңдылықтары арқылы ғана түсіндіруге болады. Мысалы, жүректің жиырылуы, көру мен естудің және басқа құбылыстардың соңғы сатысы жүрек құлақшасындағы синус түйініндегі, көз таяқшаларындағы, құлақтың Корти мүшесіндегі биопотенциалдың пайда болуын және соның негізінде пайда болған токтың нерв бойымен тарауын биофизика қарастырады. Ал бұл құбылыстардың басы аталған мүшелердің жасушасындағы биопотенциалдың пайда болуына тікелей байланысты. Ал оның механизмін ашу биофизиканың басты міндеттерінің бірі. Осындай құбылыстардың механизмін толық түсіндіру тек биофизика пәнінің міндетіне кіреді. Өйткені жасуша потенциалының пайда болуы, токтың таралуы, ұлпа кедергісі мен электрлік сыйымдылығы және т.б. құбылыстарды физиологтар немесе анатомдар түсіндіре алмайды, бұл таза физикалық құбылыстар. Осы мәселе клиникалық оқулықтарда қалай ашылған деген оймен біраз оқулықты қарап шықтым, кейбірінда қате түсіндірілген, кейбірі механизмін ашып көрсете алмаған. Жүректің жиырылуы мен оның өзгерісін өлшеу мен тіркеуді, яғни ЭКГ-ның негізі физикадағы потенциал туралы құбылысқа тікелей байланысты. Ал қан тамырлар жүйесінің күйін анықтау, яғни қан тамырларының қанға толуын зерттеу электрореография әдісі де физиканың Ом заңы негізінде жүргізіледі. Мұның да негізінде физикалық құбылыс жатыр, мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Қазіргі кезеңде ядролық медицина үлкен қарқынмен дамуда, оған мысал жеткілікті. Аталған әдіс арқылы обыр ауруының пайда болуын жасуша деңгейінде анықтауға қол жеткізілуде, оның қатарындағы инновациялық радиотерапевтік құрал «MR Linac», МРТ, ПЭТ және т.б. диагностикалық әдістердің негізі атомдық физикада жатыр. Жалпы медициналық биофизика пәні аталған мысалдармен шектеліп қалмайды, оның міндетіне болашақ дәрігерлерді медицинада қолданылатын заманауи диагностикалық және терапиялық құралдармен таныстыру, олардың жұмыс істеу принциптерін талдау да жатады. Яғни болашақ дәрігерлерге медициналық техника туралы алғашқы білімнің негізін қалау осы медициналық биофизика пәніне жүктелген. Қазіргі кезеңде емдеу ісінде түрлі дәрі-дәрмекпен қатар, сан алуан физикалық факторлар арқылы емдеу де кең тараған. Оған мысал ретінде электрофорезді, Дарсонвалды, ультра жоғары жиілікті (УВЧ) атасақ жеткілікті. Медициналық биофизика пәні осы терапиялық емдеудің физикалық механизмін ашып түсіндіреді, электр өрісі арқылы зарядталған иондардың адам денесі арқылы таралуын қарастырады, бұл жерде де электр өрісі, Кулон заңы, айнымалы және тұрақты ток, электромагниттік өріс әсерлерінен адам денесіндегі иондардың өзгерісін қарастырады. Бұл жерде биофизиканың барлық мүмкіндігін ашып көрсету мақсат емес, тек осы мысалдар арқылы медициналық биофизика пәнінің болашақ дәрігерді заман талабын қанағаттандыратын білікті деңгейдегі маман етіп дайындауға қажетті пән екендігін көрсету болатын.
Көптеген елде көршілес Ресейдің барлық медициналық жоғары оқу орындарында, өзім болған Түркияның Гази, Ходжатепе, Чехияның Карлов университеттерінің медицина факультеттерінде биофизика пәні оқытылады, кей университетте бұл пән 3 жыл оқытылады. Менің медициналық жоғары оқу орнында қызмет атқарғаныма 40 жылға таяды. Соңғы жылдары медициналық факультетке қабылданғандар арасында физика пәнін меңгерген немесе оны аз да болса білетін студенттер жоқтың қасы. Көп жағдайда ауру себептерін анықтауда және оны емдеуде дәрігер өз білімі мен тәжірибесімен қатар қазіргі заманғы диагностикалық және терапевтік медициналық құралдар мәліметі мен физикалық емдеу факторларына сүйенеді. Яғни медициналық мекемелерде, медицина кадрларын дайындауда, басқа да салаларда медициналық техниканың алатын орны ерекше екендігіне көз жеткізуге болады. Осы жағдайды ескере келе, медициналық жоғары оқу орындары үшін дайындалған медициналық биофизика мен арнаулы клиникалық пәндердің оқу бағдарламаларында медициналық техниканы оқыту, онымен жұмыс істеу және меңгеру мәселелерін қайта қарап, физиканың, техниканың және медицина ғылымдарының соңғы жаңалықтарын, жаңа тұрпаттағы медициналық техникаларды қолдануды жаңа оқу бағдарламасына енгізіп, болашақ дәрігерлерге осы құралдардың физикалық құбылыстар мен заңдылықтар негізінде қалай жұмыс істейтіндігін қарастыратын медициналық биофизика бойынша жаңа оқу бағдарламасын түзуді және оқу жоспарына енгізу заман талабы екенін ұмытпаған жөн.
Үсен БАЙЗАҚ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы
ТҮРКІСТАН