«Болашақ» бағдарламасы стратегиялық маңызы бар бастама

0

«Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бүкіл салаларда көп жетістіктерге қол жеткізді. Солардың ішіндегі маңызы өте зор үш стратегиялық бастама туралы айтып берейін. Тәуелсіздік жылдарында қабылданған стратегиялық маңызы зор бастамалардың бірі – Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасы», деді М.Әшімбаев NurOtan Talks алаңы барысында.

Партия Төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, «Болашақ» стипендиясы – Президент Н.Назарбаевтың ел келешегіне салған инвестициясы. 

«25 жылдың ішінде 13 мыңнан астам Қазақстан азаматы шетелдің ең мықты университеттерінде білім алып, елге оралып, қызмет етіп жүр. Бұл бастаманы инвестиция ретінде қараймыз. Өйткені оның жақсылығы мен нәтижесі ұзақ мерзім ішінде ғана көрінеді», деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

М.Әшімбаевтың  сөзіне қарағанда, «Болашақ» бағдарламасы 25 жылдан кейін ғана өз жемісін бере бастады. Соның нәтижесінде стипендия түлектерінің алды бүгінде министр, әкім лауазымын атқарып, елге қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ ол «Болашақ» стипендиясының түлектері саны келешекте көбейетініне сенім білдірді.  

«Қазіргі таңда әлем төртінші революциялық дәуірде өмір сүріп жатыр. Бұл кезеңнің ерекшелігі – мемлекеттердің негізгі байлығы шикізаты мен минералды ресурстары емес, сол елдің азаматтары. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы елдің келешегіне жұмыс істейтін Елбасының ең үлкен бағдарламарының бірі деп айтуға толық негіз бар», деді М.Әшімбаев.

Айта кету керек, Астанада «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен NurOtan Talks алаңы өтіп жатыр. Жиынға партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Халықаралық Түркі академиясының Төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Мейірім» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Юрий Пя қатысуда.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»