Boeing ең ірі ұшақ шығарушы мәртебесінен айрылып қалуы мүмкін
Америкалық Boeing корпорациясы азаматтық авиациядағы ең ірі ұшақ өндіруші атағынан айрылып, еуропалық бәсекелесі Airbus-тың басып озуына жол беруі мүмкін. Бұл ақпаратты америкалық БАҚ 9 шілдеде хабарлады.
Boeing компаниясы 2012 жылдан бері ұшақ өндіру саласында «біріншілікті» ешкімге бермей келеді. Алайда 737 MAX ұшақтарының екі бірдей апаты мен олардың ұшуын уақытша тоқтату компанияға елеулі зиян тигізген.
Дүйсенбі, 8 шілдеде Сауд Арабиясының Flyadeal әуе компаниясы Boeing ұшақтарына берген тапсырысынан бас тартып, Airbus ұшақтарын сатып алатынын мәлімдеді. Нәтижесінде Boeing алты миллиард доллар шығынға батты. Flyadeal Airbus компаниясына 30 ұшаққа тапсырыс беріп, тағы 20 ұшақ сатып алуы мүмкін екенін хабарлады.
737 MAX ұшақтарының Индонезия мен Эфиопиядағы апаттарынан кейін 2019 жылдың алғашқы жартысында Boeing ұшақтарын сатып алу үш есеге азайған. Апаттан кейін ұшақтары айлақта бос тоқтап тұрған әуетасымалдаушылар ұшақ өндіруші компаниядан өтемақы талап етуге құқылы. Бұл Boeing-тің қаржылық жағдайын одан әрі қиындатпақ. Қазірдің өзінде апаттан қаза тапқан жолаушылардың туыстарынан Boeing-ке қарсы ондаған арыз түскен.
Кей сарапшылар Flyadeal әуекомпаниясының тапсырыстан бас тартуы бұл сияқты оқиғаға бұрын-соңды кезікпеген Boeing үшін «алаңдауға тұрарлық жайт» деп отыр. Биыл Парижде өткен ұшақтар көрмесінде British Airways 200 737 MАХ ұшағын сатып алғысы келетінін хабарлаған.
Сәуір айында Boeing компаниясы 737 MАХ ұшағы ұшпай қалғандықтан шығынды жабуға бір миллиард доллар бөлгенін мәлімдеген. Алайда сарапшылар шығын көлемі күрт ұлғаюы мүмкін деп отыр. Компания 737 MАХ жаңа ұшақтарын жеткізуді биыл наурыз айында тоқтатқан.