Бюджетті қарау кезінде тек мемлекеттік мүдде үстем болуы тиіс
Отырыста депутат Ольга Перепечина «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2019 — 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобаларының Сенат комитеттері мен жұмыс топтарында талқылану барысы туралы хабардар етті.
Қ. Тоқаев Елбасының таяудағы Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларын қаржылық тұрғыда қамтамасыз ету еліміздің үш жылдық бюджет жобасына қосылғанын атап өтті. «Адамдар жақсы өзгерістерді нақты сезіну үшін Мемлекет басшысының тапсырмаларын лайықты деңгейде орындау – біздің басты мақсатымыз», — деп атап өтті Сенат басшысы.
Бюджеттің шығыс бөліктерін ұлғайту туралы депутаттардың ұсыныстары туралы айта келіп, Қ.Тоқаев мемлекет қаржысын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету туралы Елбасының алға қойған міндетін еске салды. Сенат Төрағасының пікірінше, біздің азаматтарымызды толғандыратын әлеуметтік-экономикалық көкейкесті мәселелердің шешімі мен аймақтық және мекемелер мүдделерінің аражігі айқын болуы тиіс. Республикалық бюджет ең алдымен біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының арта түсуін қамтамасыз етуі тиіс. Қ.Тоқаев ол үшін басымдықтарды айқындау қажет екеніне назар аударды.
Сенат Төрағасы атап өткендей, таяуда өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында коммуналдық қызмет көрсету бағасының негізсіз өсуі мен бюджет қаржысын өз мақсатынан басқа салаға пайдалану туралы қатаң айтылды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, шынайы ниет пен білікті шешім арқылы үнемдеу және қолда бар қорларды пайдалану есебінен бірқатар мәселелердің шешімін табуға болады.
Төраға осыған байланысты парламентшілерді бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтуға апаратын барлық ұсыныстарды мұқият ойластыруға шақырды. «Тек мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарау керек, комитеттер мен депутаттардың барлық ұсыныстары тек осы көзқарастан қаралуы тиіс», — деді Қ.Тоқаев.