Бізге белгілі әрі белгісіз Горький (жалғасы)
Өмірдегі және шығармашылықтағы драма
«Театрдың туылуы» атты кітабында МХАТ-тың негізін салушылардың бірі әрі Островскийдің, Чеховтың, Толстойдың, Горькийдің пьесаларын реформаторлық жоғары таным деңгейімен сахналап, олардың шығармаларына өлмес ғұмыр сыйлаған В.Немирович-Данченко бүкіл театр болып Ялтаға, Чеховтың көңілін сұрауға барған кезінде кенеттен Горькиймен танысқанын, сол таныстықтары шығармашылық достыққа ұласып, оған бір емес, бірнеше пьеса жаздырғанын айтады.
«Ялтаға келген соң, театр артистерін қонақүйге орналастырып болдым да, чемоданымды нөмірге қоя салып, Чеховпен жолығу үшін ол тұратын үйді асығыс іздеуге шықтым. Сырқаттанып жүрген оның кешкі сағат тоғызда ұйықтауға жататынын білгендіктен, мекенжайы жазылған қағазды қолыма ұстап, көше-көшені кезіп, қыр басына салынған деп естіген Чеховтың дачасын таба алмай әуре болдым. Қараңғылықта сұрай қоятын да адам жоқ. Жоғары өрлеп келе жатқанымда төмен қарай түсіп келе жатқан адамның сұлбасын көріп қалдым. Ол тура маған қарай келе жатты. Бойы ортадан жоғары, үйрек тұмсықты, қою жирен мұрты бар, қорғасындай салмақты қоңыр дауысты, Волга бойына тән «о» әрпін ерекше ырғақпен айтатын, аяғында биік өкшелі етік, үстінде матрос плащы бар. Чеховтың дачасының қайда, қай жерде екенін ол саусағымен түрткендей анық көрсетіп берді.
Мен келгенде Чехов есікті өзі ашты.
– Горький қазір ғана үйден шықты. Ол сені ұзақ күтіп еді, – деді Чехов амандық-саулықтан бұрын.
Чеховтың вилласын анық көрсетіп берген әлгі кісі – Горький екен. Алакеуімде мен оны тани алмап едім. Ол кезде Горькийдің портреті кең таралмаған еді».
Горький пьесаларының қалай жазылып, қалай қойылғаны туралы айтпас бұрын, жазушының сол кездегі сергелдең халінен хабар бере кетудің ешқандай артықшылығы бола қоймас.
* * *
1900-жылдары Горький айдауда болатын. Жандармерияның шешімі бойынша ол тек Нижний-Новгородта немесе сол губернияға қарасты уездік қала Арзамаста ғана тұруына рұқсат етілген-ді.
Театр труппасымен Ялтада өте жақын танысып, Чехов пьесаларын ерекше ықыласпен көріп шыққан Горький театрға арнап «бірдеңе» жазуға уәде берген еді. Кейіннен Немирович-Данченко Горькиймен жолығу үшін Арзамасқа әлденеше рет барып жүріп, ақыры оған пьеса жаздырып алады.
Горький саяси сенімсіз адам ретінде қуғында жүргендіктен билік өкілдері, әсіресе Петербург шенеуніктері оған қырын қарап, онымен қандай да бір қарым-қатынасқа түскен қауымға да қауіпті топ ретінде қарай бастады. Сөйтіп Ресей қоғамы екіге бөлінді – Горькийді жақтаушылар және оны жек көрушілер. Оның алғашқы пьесасы – «Мещандар» сахнаға қойылғанда ерекше оқиға орын алады.
Қойылымды көруге Горький шығармаларын бағалайтындармен қатар, оның атын естігісі келмейтін шенеуніктер үлде мен бүлдеге малынып, бриллиантқа көмілген ханымдарын қолтықтап, театр табалдырығын аттады. «Өнерде де, театрда да, көркем әдебиетте де шығармаға атақ-даңқты әйел қауымы жасайды» деген жазылмаған қағида рас екен. Горький десе құлағын басатын күйеулерінің құлақтарының құрт етін жеп әрі Көркем театрға барып, сол кезде модаға айнала бастаған Горький шығармаларын тамашалауға көндірген еді.
Нағыз көркем шығарма – әрқашан бүлікшіл. Ол өмірде қатып қалған қағидаларды қақырата бұзып келеді. Ол қарсыластарын да, жақтаушыларын да өзімен бірге шұбырта ертіп келеді.
Петербургтің үлкен драма театрында қойылған «Мещандар» нағыз «бүлікшіл» қойылым болды. Соған қарамастан қарсыластар мен жақтаушылардың, тіпті немқұрайды тоғышарлар мен скептиктердің басын бір залға түгел жинаған қойылымға айналды.
Нағыз өнердің арқасында аса таңғаларлық саяси үш бұрыш бір жерге тоқайласты: Петербург, Театр және Максим Горький.
Горькийдің жеке басының драмасы сахнада драмалық ситуацияға ауысып, көрермендердің бәрін бірдей әуелі саспенске, қойылым соңында катарсиске «шомылдырып», ақ жағалылар мен қара жағалыларды, фрак кигендер мен қоңыр шекпенділерді, бриллианттары жарқ-жұрқ етіп көз шағылыстырған мойындар мен ақ білектерді, қысқасы, ақ сүйектер мен қара сүйектерді тазартып шығарды. Олардың бәрі театрға кірген кездегіден басқаша адам болып шықты.
Ялтадағы кездесу мен «Мещандар» аралығында Горькийдің атақ-даңқы шарықтап өсе бастады. Соның нәтижесінде Максим Горький Академияның құрметті мүшесі болып сайланады.
Горький өмірінің кезекті драмасы басталды. Ұлы князь Константин (Романов) Академияның президенті болатын. Оған жоғары жақтан қысым көрсетіліп, ол Горькийді құрметті мүшеліктен сызып тастайды. Оның бұл қылығы жұртшылық наразылығын туғызып, Чехов пен Короленко Академия мүшелігінен кететіндіктерін білдірді.
«Мещандардың» кезекті қойылымдарының бірінде ұлы князьдің мынадай өрескел шешіміне наразы жұрттың жаппай демонстрацияға шығу қаупі төнді. Мұндай қауіптің алдын алатын бір-ақ шара бар еді. Ол – пьесаның қойылуына тыйым салу.
Солай болды да. Цензура «Мещандар» пьесасын сахнадан алдыртып тастады.
Театр мен билік арасында ұзаққа созылған әуре-сарсаңнан соң әрі қойылымды біржола жауып тастау жұртшылық наразылығын өршіте түсуі мүмкін деген театр ескертуінен кейін, цензура амалсыздан пьесаны қоюға рұқсат береді. Онда да өте шектеулі түрде – абоненттер арқылы ғана.
«Мещандардың» (алғашқы нұсқасы «Мещан» деп аталған) премьерасы саяси толқуларға себеп болды. Комиссаржевская театрындағы премьерадан соң зал толы жастар Горькийдің айдауда жүргенін біле тұра әдейі «Автор! Автор! Автор!» деп айғайлап, сахнаны жаптырмай қойды. Пьесаның тақырыбы бір отбасының өміріне арналғанмен оның финалы езілген жұмысшы тобының, қарапайым еңбек адамының ауыр тұрмысы, кедейшілік өмір көрермендердің санасын оятып, халықтың қайыршылықта өмір сүріп жатуы самодержавиенің халықпен санаспайтын саясаты деп қабылдап, кейбір ашу-ызаға булыққан жастар «Жойылсын самодержавие!», «Жойылсын ұлы князь!» деп айғайға басты.
Пьесадағы жұмысшы Нилдің айтқан сөздері халық арасына мақал боп тарады.
«Честными людьми командуют свиньи, дураки и воры». «Прав не дают, права берут». «Человек должен сам себе завоевать права, если не хочет быть раздавленным». «Человек – звучит гордо».
Бүгінде де мәнін жоймаған бұл қанатты сөздер жұмысшы Нилдің аузымен айтылатын Горькийдің мақалға айналған мағынасы терең аса құнды тіркестері.
Горький шығармаларына деген цензура күшейген сайын оның ел ішіндегі атақ-даңқы жел үрлеген өрттей қаулап өсе түсті. Оның себебі не?
Уақыт. Заман. Шығарма
Әрбір ұлы жазушыны заманның өзі тудырады. «Міне, мен осындаймын. Сен мен туралы жаз. Ол сенің қолыңнан келеді» деп сыбырлайды заман жазушыға. Жазушы заман талабын орындауға кіріседі. Заман талабын, уақыт рухын табиғи түрде орындауға кірісе отырып, осындай ұлы міндетті мойнына алған жазушы сол міндетті міндет деп түсінбеуі мүмкін. Ол – табиғи инстинктің «тұтқыны» ретінде жазуға отырады. Өзінен мыңдаған жылдар бұрын өтіп кеткен тарихты жазса да, инстинкт тұтқынына айналған шынайы суреткер, сол тарих арқылы өз заманының проблемасын қозғамай қала алмайды. Өзін саясаттан тыспын деп ойлайтын жазушының өзі саясатқа шығармалары арқылы көзқарасын білдіріп қалғанын байқамайды, тіпті саясаттан тысқары болудың өзі – саясат.
ХІХ ғасырда 32 жыл, ХХ ғасырда 36 жыл өмір сүрген Горький кезеңі буырқанған оқиғаларға толы болды. 1825 жылғы декабристер көтерілісінің ел ішінде басыла қоймаған самодержавиеге деген қарсылық, 1905 жылғы революция (тарихта «Қанды жексенбі» деп аталған), орыс армиясының орыс-жапон соғысында ойсырай жеңілуі, 1914 жылғы Германияға қарсы соғыстың Ресей үшін масқара бітіммен аяқталып, оның соңы 1917 жылғы революция, Ленин бастаған большевиктердің билікті басып алуы, азамат соғысындағы қызыл қырғын, ел ішін жайлаған ашаршылық, Кеңес өкіметінің қанды қырғын арқылы билікке толық қол жеткізуі, коммунистердің шіркеу мен мешіттерді қиратып, құдайсыз, атеистік мемлекет құруды шындап қолға алуы, басқа да толып жатқан солақай саясаттарды бастан кешіруіне тура келген Максим Горький, қарапайым халықтың әлеуметтік теңдікке қол жеткізіп, идеалды қоғам құру мақсатындағы күресі мен сол күрес жолындағы қантөгістері текке кеткенін, «пролетариат диктатурасы» жеке адамдардың, әсіресе Сталиннің диктатурасына айналғанын түбегейлі түсініп, «сырты бүтін, іші түтін», яғни ішкі қайшылыққа толы кезеңде ғұмыр кешті.
Ол қандай қайшылықтар және ол қайшылықтардың қандай трагедияға әкеп соқтырғанына кейінірек тоқталамыз.
Замандастарының естелігі бойынша М.Горькийдің даңқы оны жақтаушылардың арасында ғана емес, жауларының арасында да арта түсті. «Мещандардың» зор табысына қарамай, ол бұл пьесасына баса назар аудара қоймаған секілді. Әрі Көркем театрдың талап-тілегі бойынша, ол «кедейлер мен жалаңаяқтардың» тіршілігіне арналған жаңа пьеса жазуды шындап ойлай бастады.
Ол Нижний-Новгород губерниясының кішігірім уездік Арзамас қаласында айдауда жүрген кезінде «жалаңаяқтардың» өмірінен жазылған «Өмірдің шыңырауында» деп аталатын драмасын жазып бітіреді. Бұл – 1902 жылдың тамыз айы еді. Кейіннен ол пьесаның атын «Шыңырауда» деп өзгертті («На дне жизни» – «На дне»). Пьесаны алу үшін Арзамасқа арнайы келген Немировичке ол шығарманың бірінші актісін оқып береді.
«Жалаңаяқтар мен қайыршылардың» өмірі – Горькийдің өскен ортасы. Ол бұл пьесаны зор ынтамен, зор шабытпен жазып шықты.
Пьесаны театрға әкеп оқығанда бүкіл театр ұжымы оны ду қол соғып, орындарынан тұрып қуана қарсы алады. Мұндай репертуар театрға ауадай қажет еді. Бұған дейін халықтың ең төменгі сатысындағы кедейлер мен жаны жаралы жарлылардың өмірін көрсетуге арналған шығарма жоқ еді. Пьесада ашылған қарапайым халықтың ащы тұрмысы мен ащы айғайы, ескілік пен жаңалықтың ашықтан-ашық жазылған наразылығы жан-жақты көрсетілген еді.
Горькийдің бұл пьесасы да «Мещандар» секілді шықпай жатып биліктің қарауына ілікті. Театр репетицияға кіріспей жатып цензурамен арпалысып кетті.
Цензура пьесаның қойылуына тыйым салды. Заман солай еді. Пьесаның тақырыбы аса қауіпті тақырып ретінде қабылданды. «Кедейлер мен жалаңаяқтардың» қиын да ауыр тұрмысын сахнаға шығару – онсыз да Ресей аспанында күннен-күнге екпін алып келе жатқан «жұмысшы наразылығын» өршіте түсуі мүмкін деген үрейден билік өкілдері пьесаның репетициясының өзіне рұқсат бермеді.
Театр мен билік арасында тағы да тайталас басталды. «Горькийдің жаңа пьесасына тыйым салыныпты» деген хабар жұртшылық арасына лезде тарап, әр жерден наразы топтар көшеге шыға бастады.
Мәскеу көрермендері тағы да екі топқа бөлінді – жақтаушылар мен қарсы топқа. Ел ішіндегі осындай дүрбелеңді пайдаланып театр басшылары мен сол кездегі беделді тұлғалар тиісті билік өкілдеріне: «Егер пьесаға біржола тыйым салатын болсақ, наразылықты одан бетер күшейтіп алуымыз мүмкін» деген қауіпті төндіре айтып, ақыр соңында «Шыңырауда» драмасы сахнаға жол тартты. Пьеса қиын жазылды. Репетиция одан да қиын өтті.
Бүкіл театр «Шыңырауды» шыңға шығаруға бар күштерін аянбай жұмсады. Қойылымдағы басты рөлді ойнаушылар да, тобыр ішіндегі топ-топ болып жүрген жалаңаяқ бейнесіндегі актерлер де, бұзақылар мен басбұзарлар да ерекше шабытпен ойнап, іште тұнған ақыл-ой мен ашу-ызаны халықтың қарапайым тілімен құйқылжыта жеткізіп, ол сөздердің астарында жатқан революциялық наразылық рухын жанамайлап көрсету арқылы, шындық өмірді өнер тілі арқылы шеберлікпен жеткізген қойылым «Шыңыраудың» идеясын шындық шыңына шарықтата көтерді. Өмір театрдың сахнасына көшіп келе салғандай болды. Ондай шындыққа иланбауға ешкімнің мұршасы қалмады. Пьесадағы оқиғалардың дамуы мен ширығуындағы мотивацияның нақтылығы сондай, спектакль біткенде көрермендер отырған орындарынан қалай тұрып кеткендерін білмей, зал ішін жарып жіберердей дүркірей қол соқты. Овация! Горькийдің түбегейлі жаулары да сол овацияға қалай қосылып кеткендерін өздері де байқамай қалды. Қойылым басталғанға дейін Горькийдің жаулары боп келген скептиктер спектакль біткенде Горькийдің достарына айналды. Мұндай өзгерісті теория тілімен айтқанда катарсис деп атаймыз.
Горькийдің өзі мынандай күтпеген табыстан басы айналып, актерлерді кезек-кезек сүйіп, көпшілік алдында қайта-қайта тағзым етіп, шымылдықты жапқызбай тұрып алған көрермендерге «Болды!» дегендей қолын көтергеніне қарамастан жер тепкілеп тұрып алғандарды қалай сабырға шақырудың ретін таппағандықтан сасқалақтап қалтасынан папиросын шығарып, сол жерде темекісін тартып, одан да болмаған соң: «Хорошо! Черт подери! Хорошо, черт подери!» деп айғайлап жібергенін де байқамай қапты.
(Жалғасы бар)
Дулат Исабеков,
жазушы