Біз қалай стереотиптердің құрбанына айналдық?

0
Бірнеше жылдан кейін анасы қызын мектепке береді. Ол кезде Ева 10 жаста болатын.

— Мен 10 жасымда 1-сынып оқушысы атандым. Қатты қуанғаным есімде, өйткені 1-қыркүйек сайын ата-аналарының қолынан ұстап, мектепке бара жатқан балаларға қарап қызығатынмын. Алғашқы салтанатты жиын бәрінің есінде шығар. Сол жерде тұрғанда өзге балалардың ата-аналары маған жиіркене қарап тұрғанын байқадым. Бейне мен өзге планетадан келгендей. Ал бір айдан кейін сыныптастарым кемсіте бастады. «Осындай үлкен қыз қалай 1-сыныпта оқып жүр?», «Сабақ оқымай, жыл сайын қалып қоя беретін шығарсың» сияқты әңгімелерді айта бастады. Мен не айтарымды білмедім. Сабақ оқуға мүлдем құлқым болмады. Үйге жылап келетінмін, алайда анам мені не жұбатпайтын, не аяушылық танытпайтын. Тек «Ештеңе етпес. Бәрі де аяқталады. Шыда, сен жігерсіз емессің ғой» дейтін. Ол мені түсінбейтін, түсінуге де тырыспайтын еді.

Сол жылы Еваның анасы қайтадан түрмеге отырады. Ал өзі балалар үйіне түседі.
Бірақ әуелі оны кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына апарып, шашын тақырлап алып тастайды.

— Солай балалар үйіне келдім. Ондағы балалар маған түсіністікпен қарады. Бірақ жаңа мектепке барғанда қорқынышты түсім қайта жалғасты. Енді мені тек жасым үшін емес, басымның тақырлығына бола кемсіте бастады. Осылайша мен қоғамға өгей болып қалдым. Қуанышыма орай, менің өмірімде жақсы адамдар кездесті. Олар маған мамандық таңдап, қабілетімді арттыруыма көмектесіп, менен адам жасап шықты. Айтқым келгені, мені кемсітіп жатқанда өзімді осы қоғамның бөлшегі ретінде көрмедім, өзімді жат сезіндім. Басқалар сияқты емеспін деген ойдан қорқатынмын. Уақыт өте түсінгенім — егер сен басқалар сияқты болмасаң, ол бөтенсің деген сөз емес.