Бішкектің экологиялық ахуалын дронмен бақылайды

0

Қырғызстанның қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы агенттігі Бішкектің экологиялық жағдайын енді күн сайын дронмен бақылап отырады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің агенттік баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, дрон қала орталығы мен орталық көшелерін, барлық шағын аудандарды, жаңа құрылыс алаңдары, монша, сауна, ірі кәсіпорындар мен базарлар орналасқан аудандарға бақылау жасайды. Аппарат ауаға ластайтын қалдықты шектен тыс шығарған көліктерді, заңсыз көлік тұрақтарын, жол ережесін бұзу, көлік шиналарын жағу фактілерін анықтайды.

Барлық түсірілген сурет пен бейне материалдар заң бұзғандарды жауапқа тарту үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Агенттік дрон Бішкектің экологиялық жағдайын жақсартуға көмектеседі деп үміттенеді.

Соңғы жылдары Бішкектің экологиялық жағдайын жақсарту қаладағы ең басты мәселелердің біріне айналған. Әлеуметтік желі қолданушылары Бішкекті әлемдегі ең қатты ластанған қалалармен салыстырады. Move Green қоғамдық қозғалысы Бішкектегі ауаның ластану көрсеткіші қалыпты межеден 20 есеге асып түсетінін мәлімдеген.

Дегенмен, қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы агенттігі қаладағы ауаның ластану көрсеткіші қалыпты мөлшерде екенін айтады.

Бішкек мэрі қаланың экологиялық ахуалы «нашар» екенін мойындағанымен, қалалықтарды бұл мәселемен үрейлендірудің «қажеті жоқ» деп санайды.

Дереккөз: Азаттық