Бішкекте педофильдерге жазаны қатаңдатуды талап етті
Бішкекте 28 желтоқсан күні үкімет үйі алдында «балалар құқығын қорғауға» шақыратын пикет өтті. Оған қатысқандар билікті балаларға жыныстық зорлық көрсеткендерге қолданылатын қылмыстық жазаны қатаңдатуға шақырды. Акцияға қатысқандар қолдарына бала зорлағандарға өлім жазасын тағайындауды талап ететін плакат ұстап шықты.
Қырғызстанның қолданыстағы заңында бала зорлағандарға немесе жасы 16-ға толмағандарға жыныстық сипаттағы іс-әрекет жасағандарға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Педофильдерге өлім жазасын тағайындау туралы ұсыныс шілде айында үкімет өкілдері мен құқық қорғаушылардың кездесуінде қайта көтерілген. Жиында бала зорлау оқиғаларының 80 пайызы туыс адамдардың қолымен жасалатыны айтылған.
Өткен айда Қырғызстанның еңбек және әлеуметтік даму министрлігі жыл басынан бері зорлық көрген 94 бала анықталғанын хабарлаған. Олардың 40-ына күш қолданылған, 39 балаға жыныстық зорлық жасалған, қалған 15 бала психиологиялық қысымға ұшыраған.
Қырғызстанда 1998 жылдан бастап өлім жазасына мораторий жарияланып, президент жарлығымен мерзімі ұзартылып келген. Елде өлім жазасы 2007 жылы конституцияны өзгертуге қатысты өткен референдум нәтижесінде жойылған.
Дереккөз: Азаттық