Бішкекте 102 жастағы Қазақстанның халық әртісі дауыс берді
Қысқа сілтеме алу
Әжей президент сайлауына 80 жастағы қызы Айгүл Қарымсақовамен бірге келді
НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым— Sputnik. Бүгін Бішкек қаласындағы № 264 сайлау учаскесінде Қазақстанның халық әртісі Айша Абдуллина дауыс берді, деп хабарлады Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшілігі.
Айта кету керек, ҚР президенті сайлауына әжей 80 жастағы қызы Айгүл Қарымсақовамен бірге келді. Айша Абдуллина өз дауысын бергеннен кейін, бата беріп, жиналғандарға денсаулық тіледі.
«Менің өмірде көргенім көп. Назарбаев халқына адал қызмет етті, енді осы сайлауда өтетін жаңа басшы Қазақстанды өркендетуге атсалыссын», — деді ол.
Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшісі Кәрім Көкірекбаев оның белсенді азаматтық ұстанымына алғыс айтып, зор денсаулық тіледі және естелік сыйлықтар табыс етті.
Тағы оқыңыз: Назарбаев кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді
Қазақстанның халық әртісі Бішкекте қызының қолында тұрады. Елімізде бірінші Дездемонаның рөлін сомдап, көрермендердің алғысын арқалаған Айша Абдуллина 1916 жылы 26 желтоқсанда туған, ұзақ жылдар бойы Шымкенттегі Шанин атындағы қазақ драма театрында жұмыс істеді. Ол 15 жасында осы театр табалдырығын аттап, 95 жасында зейнеткерлікке шыққан.
Қазақстан президенті сайлауы
Қазақстанда бүгін кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр.
Осы жолы Қазақстан президенттігіне жеті кандидат таласады.
- Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
- «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
- «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
- «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
- Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
- Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
- «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.
sputniknews.kz