Бишімбаев соттан жазасын өтеу орнын ауыстыруды сұрады

0

Желтоқсанның 28-і күні Түркістан облысының Төлеби аудандық соты бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтің жазасын өтеу орнын барынша жеңілдету туралы арызын қарай бастады.

Сот отырысына прокурор, экс-министрдің адвокаттарымен бірге өзі видео арқылы тікелей эфирде қатысты. Ол соттан жазасын өтеу орнын барынша жеңілдетіп беруді сұрады.

Қуандық Бишімбаевтың талап-тілегін тыңдаған судья Нұрмахан Жорабеков сот отырысын түскен кейінге қалдырды.

Экс-министр шілде айының басынан бері өз арызымен Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы қатаң режимдегі ИЧ 167/9 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Онда ауыр және аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар жазасын өтейді.

Қуандық Бишімбаев 2018 жылы 14 наурызда «Бәйтерек» холдингін басқарған кезінде “мемлекет қаржысын жымқырды” деген айыппен он жылға сотталған. Іс бойынша айыпталған жиырмадан астам адамның бірнешеуі тергеу айыптарын мойындап, тергеу органдарымен келісімге келген. Сот оларға бас бостандығынан айыратын жаза қолданбаған немесе аз жылға соттаған.

Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, айыптау жақта өзінің кінәлі екенін дәлелдейтін дәлелдер жоғын айтып келді. Сот процестері кезінде Бишімбаев екі рет президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, “ештеңеге қарамастан президентке адал болып қалатынын» мәлімдеген. Сот үкімі бойынша оған мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынған. Сот мүліктерін тәркілеуді бұйырған.

Қуандық Бишімбаев 2017 жылдың қаңтарында қамауға алынған.

Дереккөз: Азаттық