Бір млрд доллар қажет: Көлгінов LRT құрлысына қанша қаражат керек екенін айтты

0

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ-да өткен брифингте құрылысы қайта жанданған LRT жобасы туралы айтты. Әкімнің айтуынша, қазір құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізерден бұрын техникалық сараптама өтіп жатыр.

«Белсенді жұмыс жүріп жатыр деп айта алмаймын. Белсенді жұмыс қаражаттың түсуіне қарай жалғасады. Қазір конкурстық рәсімдер, банктерді таңдау жүріп жатыр. Қаржыландыру көздерін анықтаған соң, жұмысты жандандырамыз», — деді ол.

Техникалық сараптама жүргізуге қаражат тартылмаған жоқ, бұл жұмыс ішкі резервтер есебінен жүріп жатыр.

«Қосымша қаржыландыру көлемін тартқан кезде жұмыс белсенді басталады. Бастапқыда 2,6 миллиард доллар болған еді. Біз оны 800 млн долларға төмендеттік және үнемдедік. Қазір жобаны аяқтау үшін шамамен бір млрд доллар қажет. Біз сыртқы қарыздарға конкурс жарияладық. Банктер анықталғаннан соң қосымша хабарлаймыз. Ниет білдірушілер болса, ішкі нарықты да қарастырамыз. Қаржыландыру көздерін іздеу конкурсы жаздың соңына дейін аяқталады», — деп атап өтті қала басшысы.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 2 қазанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені жымқыру фактісі бойынша Астана қаласы әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС және басқалардың лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады.

Айыпталушылар 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.