«Бір күні ұша ма деп қорқамыз». Тұрғындар Өскеменде жаңа салынған үйден көшіп кетіп жатыр

0

Өскеменде ипотекалық бағдарлама бойынша салынған жаңа көп қабатты үй сапасыз болып шықты деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Телеарна мәліметінше, сары аяз бен қатты желге шыдамай қабырғасы мен шатыры жарылып, тіпті кейбір пәтерлердің ішінде сызат пайда болған. Қауіпсіздікке алаңдаған жоғарғы қабаттағы кей отбасылар қыстың көзі қырауда басқа жақтан пәтер жалдап көшіп жатыр.

«Бір күні тұрғанда тереземіз ұшып кете ме деп қорқып жүрміз. Өйткені жарғышақ беріп тұр. Үш балам бар. Таңертең жылап оянды. Мысалы кішкентай қыз. Бұл әлі дүңк-күңтерді естіп көрген жоқ қой», — дейді қала тұрғыны Динара Байдақова.

Көп қабатты үйде жүз алпыс екі пәтер бар. Алайда отызға жуығы әлі де бос. Себебі бұған дейін қоныс тойын тойлаған отбасылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Көшіп келген күннен бастап жамап-жасқаумен келеді. Оған қарамастан, ай сайын мыңдаған теңге ипотека тағы төлеп отыр.

«Он жарым миллионға осы үйді алдық. 15 жылға айына 70 мың банкке төлейміз. 20%-ін салып алдық. Бүгінде біздің тартып жатқан зардабамыз – төбеден су ағады. Пәтер суық», — дейді қала тұрғыны Берік Төлепбек.

Суық пәтерге шыдамаған кейбір отбасылар басқа жақтан баспана жалдап көшіп кетуге мәжбүр. Соңғы кезде тұрғындарды үйдің қауіпсіздігі де алаңдата бастапты.

«Міне, көршіміз жетінші қабаттан суық болған соң баласы ауырып, ауруханаға түсті. Пәтер жалдап көшіп бара жатыр», — дейді қала тұрғыны Бақытбек Әміренов.

Тұрғындар баспанаға қатысты базыналарын айтып, қақпаған есік қалмағанын жеткізді. Алайда әзірше ешбір нәтиже жоқ, дейді олар. Үйді салған мердігер компанияның қазір банкрот болғаны айтылды. Ал үйдің құрылысына тапсырыс берген Қазақстанның Ипотекалық компаниясы баспанаға қатысты мәселенің бар екенін біліп отыр.

«Үйде барып өз көзімізбен барып көрдік. Қазір қызметтік хат дайындап жатырмыз. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, жөндейтін мердігер дайын. Жұмысқа кіріседі. Әрбір пәтерге сарапатама жасалады», — деді ипотекалық компания өкілі Ренат Нысанов.