Бір күнде «бомжға» айналған Орал тұрғыны түрмеге түскісі келетінін айтты
Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Саят Ғазизов көшеде түнеп, жуынды жәшігінен тамақтанады
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Оралда үйсіз-күйсіз жүргендердің арасында инженерлер, музыканттар, тіпті экс-бизнесмендер бар. Мысалы, 45 жастағы Саят Ғазизов бұрын инженер болып жұмыс істеген.
Орал тұрғынының екі жоғары білімі бар, алайда ол бір күнде бәрінен – отбасынан, жұмысынан және баспанасынан айырылды. Осылайша далада қалған: бүгінде көшеде түнеп, жуынды жәшігінен тамақтанады, деп хабарлады «Астана» арнасы.
«Тепсе темір үзетін жастамын, бірақ жұмыс жоқ. Осыдан кейін қандай да бір қылмыс жасап қоясың, бір жерде арам қатуың да мүмкін. Қажет болса біреуді ұрып-соғып, ақшасын тартып аламын. Өлемін бе, қайтемін? Иә, тонаймын, ақшасын аламын. Қылмысқа барамын. Мұнда жүргенше түрмеде отырған жақсы. Түрмеде ең болмаса асыңды береді, мұнда мені кім тамақтандырады?», — дейді Саят Ғазизов.
Полицейлердің мәліметінше, Оралда 400-ден астам қаңғыбас бар. Олардың 70% отбасылық жанжал, жұмысынан, құжаттарынан немесе баспанасынан айырылу салдарынан осылай өмір сүреді. 80%-і ер адамдар. 70%-і еңбекке қабілетті жаста. Әрқайсының өз тағдыры бар. Бір айта кетерлігі, көшеде қалған адамдардың саны жыл сайын өсіп келеді.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/