Білімді азаматтар жемқорлыққа неге жол береді?
Жоғары білімді, жауапты қызметтегі азаматтардың жемқорлыққа барғаны жөніндегі бұдан басқа да деректер Әдеп жөніндегі кеңес отырысында мәлім етілді. Сайрам ауданының прокуроры О.Әбдіраманов білім саласындағы тексеру нәтижелерін жергілікті атқарушы органдарға жолдаған. Кеңес отырысына негіз болған да осы тексерулерде анықталған білім бөліміндегі жауапсыздық пен басшылар тарапынан бақылаудың тиісті дәрежеде болмауына байланысты мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері тарапынан орын алған заңсыздықтар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша білім саласына енгізіліп жатқан бастамалар мен нақты тапсырмалар да бұл ауданда орындалмай отыр. Осы арада еске сала кетейік, Елбасы Н.Назарбаев Астанадағы алқалы жиында облыста білім саласындағы парақорлықтың асқынып кеткені соншалықты, директорлардың еден жуушыны да жұмысқа парамен қабылдайтынын мысалға келтірген болатын. Елбасы «басқа еш жерде ондай жоқ, тек сендерде бар» деген еді сол жолы. Осы сыннан соң Түркістан облыстық білім басқармасы мектептердегі парақорлықты жою үшін білім мекемелеріндегі бос орындарға маман қабылдауды арнайы портал арқылы жүргізуге көшті.
Алайда Сайрам ауданындағы мектеп директорлары маман қабылдауды порталдан тыс, бұрынғыдай жүргізе берген. Мұны бәлкім салғырттық дерсіз, әлде әдейі жеке мүддені көздеген әрекет болар. Әйтпесе бұл бастама Астанадағы алқалы жиында жерге қарағандай болған облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей тапсырмасы бойынша енгізілгені мәлім. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асан Бабашов бұл тапсырманы орындауға құлық танытпаған сияқты. Олай дейтініміз, «jumis.sitcen.kz» порталы іске кіріскелі Сайрамдағы білім беру ұйымдарына 163 қызметкер, оның ішінде 13 директордың орынбасары, 126 мұғалім, 24 техникалық маман порталдан тыс, ескі әдіс-тәсіл бойынша қабылданған. Мектепке мамандарды портал арқылы қабылдаудың мақсаты жемқорлықтың, парақорлықтың алдын алу еді, ал аудандағылардың неге «ескі әдісті» қалағанын төмендегі фактілерден кейін бағамдай беріңіз.
Ауданның Қарабұлақ ауылындағы Далабазар негізгі орта мектебінің директоры бірінші маусымда маманды жұмысқа қабылдау үшін пара алу үстінде құзырлы орган қызметкерлерінің қолына түсті. Аудандық соттың шығарған үкімі бойынша оқиғаны баяндап көрелік. Шымкенттік азамат жұмыс іздеп, мектеп директоры Х.Ботабековке жолыққан. Қара бастың қамы терең ойлануға мұрша бермеген директор мектептің штаттық кестесінде жоқ, «бағбаншы» деген қызмет ашып, әлгі азаматтан 300 мың теңге сұраған. Директор 300 мың теңге параны алу үстінде ұсталып, сот оны 4,5 миллион теңге айыппұл төлеу жазасына кесті. Аудандағы туберкулезбен науқастанған балаларды сауықтыруға арналған бөбекжайдың директоры екі азаматшаны мекемеге тәрбиеші және оның көмекшісі штатына қабылдау үшін пара сұраған. Директор тәрбиешінің орнын 450 мың теңгеге, көмекшінің орнын 250 мың теңгеге саудалапты. Пара алуға делдалдық еткен мекеменің есепшісі 700 мың теңгені Сайрам ауылындағы дәмханалардың бірінде алу кезінде құрықталып, параның директорға арналғанын айтады. Арада екі күн өткенде қызметтік бөлмесінде 700 мың теңгені алу барысында директордың өзі ұсталады. Оны үш жылға бас бостандығынан айырған сот есепшіге үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Ауданда 13 мұғалім дипломына сәйкес келмейтін пәндерден сабақ беріп келгені де тексерулерден кейін белгілі болып отыр. Мысалы, математика пәнінің мұғалімі психологтың міндетін атқарса, сызу пәнінің маманы технологиядан, бастауыш сынып мұғалімі еңбектен сабақ беріп келген. Сайрам – жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғалары жиі тіркелетін аудан. Ал өңірдегі мектеп психологтары өздерінің жұмыстарын қағаз жүзінде жүргізеді. Сондай-ақ тексеру нәтижесінде аудандық білім бөлімінің тендер өткізуде бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жиі баратыны, мердігерлерге атқарылмаған жұмыстар үшін қаржы аударып жіберу фактілері анықталған. Осындай заңсыздықтар қаралған Әдеп жөніндегі кеңес отырысында аудандық білім бөлімінің басшысы Асан Бабашов кінәнің бәрін мектеп директорларына жауып, өзіне шаң жуытқысы келмеді. Бөлім басшысын ақтағанымыз емес, осы орайда сенатор Дариға Назарбаеваның жаңа жылдың алдында өңірлердегі білім басқармаларын жою жөніндегі ұсынысы еске түседі. Көпшілік арасында пікірталас тудырған ұсыныс негізсіз емес те сияқты. Өйткені бүгінде облыстық, аудандық деңгейдегі білім басқармалары мен бөлімдерінің аты дардай мекеме болғанымен, мектептерге ешқандай құзыры жүрмейді екен. Тікелей бағынбаған соң директорлар басқарманың бастамаларына, тапсырмаларына салғырт қарайтын сияқты. Асан Бабашовтың меңзеп отырғаны да осы мәселе. Дегенмен бұл жауапкершіліктен жалтаруға негіз бола алмайды. Енді аудандық білім бөлімі басшысының қызметте қалу-қалмау мәселесін аудан әкімі шешетін болады. Әдеп жөніндегі кеңес әлеуетті мердігердің орындалмаған жұмысына қаржы аудара отырып, заңды тұлғаға артықшылық көрсеткені үшін Сайрам ауданы білім бөлімінің басшысы Асан Бабашовқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Заңсыздыққа жол бергендердің білімді екені анық. Осы білімді азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа не себепті баратынына байланысты көп жорамал айтуға да болар. Ғұлама бабамыз әл-Фарабидің өз дәуірінен қалдырған – «Бірінші мәселе – білім емес, тәрбие. Тәрбиесізге берген білім адамзатқа апат әкеледі» деген өсиеті де осындайда еске түседі. Жемқорлық қылмысқа барғандарды тәрбиесіздер деуге де болатын шығар.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/