БІЛІМ ШАМШЫРАҒЫ | «Айқын» газеті
Astana Hub технопаркінің базасында «IT орталықтары – білім маяктары» атты іс-шара өтті. Кездесуге министрліктер басшылары, халықаралық сарапшылар және қазақстандық ақпараттық қоғамдастық өкілдері және т.б. қатысты.
Шара барысында аймақтық ІТ орталықтардың қызметін Астана хабының технопаркімен біріктіру тәсілдерін бірлесіп әзірлеу және жобаны ары қарай дамытудың жаңа тәсілдері талқыланды.
Кездесуді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко ашып берді.
– Бұл жобаның басты мақсаты – азаматтардың цифрлық сауатын арттыру және білікті ІТ мамандар дайындау екендігін айтып өтейін. Бүгінгі таңда Қазақстанда 24-ке жуық IT орталық жұмыс істеп тұр. Онда мыңға жуық жастар еңбек етеді. «Нұр Отан» партиясы оларға қашанда қолдау көрсетуге дайын, – дейді партия хатшысы.
Басқосу кезінде сөз сөйлеген Қарағанды облыстық Кәсіби техникалық колледжі директорының орынбасары Елена Свердлова отандық оқу орындарында цифрландыру әлеміне еркін ене алатын бесаспап маман даярлау ісі қолға алынғанын айтты.
– Жаңа ақпараттық технология жетістіктері білім беру саласында молынан енгізілуде. Бұл өз кезегінде халықтың цифрлық сауатын арттырады. Өңірдегі барлық колледждерде автоматты басқару жүйесі енгізілген. Оқытушылар мен студенттерді қағазбастылықтан арылту мақсатында келешекте электрондық есеп жүйесі іске қосылады, – дейді Е.Свердлова.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биылғы жылы «IT мамандарды оқыту» партиялық жобасы басталған болатын. Бірегей жобаның мақсаты – цифрлы технологияларды қолдана отырып, технологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге шақырылған мамандардың аймақтық IT орталықтарының негізінде дайындау. Жоба халықтың барлық топтары үшін цифрлы технологияларды (онлайн сауалнамалар, вебинарлар, бейнедәрістер) пайдалану арқылы жүйелі жұмыс жүргізу арқылы мемлекеттік тапсырмаларды және қоғамдық құндылықтарды беру механизмін құруға бағытталғанын айта кеткен жөн.
Абылайхан ЖҰМАШ
Дереккөз: Айқын