Білім министрі диплом сататын университеттер туралы айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында жоғары білім сапасын сынға алған болатын
НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек — Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов диплом сататын университеттерді анықтауға кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Мемлекет басшысы өз жолдауында өте өзекті, қоғамның көкейінде жүрген сұрақтарды көтерді. Тисті тапсырма берілді. Министрлік осы тапсырмаларды орындауға кірісіп кетті. Енді, диплом сату мәселесіне келер болсақ, біз тиісті бақылауды күшейтіп, тексеру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Жалпы, мемлекет басшысының берген тапсырмалары бойынша тиісті шаралар қабылданады», — деді Аймағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, тексеру жұмыстары кезінде диплом сататын университеттер анықталады. Соның нәтижесінде қатаң шаралар қолға алынады.
«Жоғары оқу орындары білімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуі тиіс. Ондай университеттер жұмыс істеп, халыққа білім беруі керек. Ал проблемасы бар жоғары оқу орындары, соның ішінде түлектерді жұмыспен тұру мен оларға білім беру көрсеткіші төмен университеттер бойынша министрлік қатаң шара қабылдауы қажет. Алдымен тексерісті өткізіп алайық», — деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында жоғары білім сапасын сынға алған болатын. Себебі өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр.
«Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз» , — деді Тоқаев.
sputniknews.kz