Биліктің интернетті «бақылау жоспары» және мүгедек балалардың «аянышты халі»
Бизнес технологиялары туралы хабар тарататын америкалық ZDNet онлайн басылымы шілденің 18-інде «Қазақстан үкіметі барлық HTTPS трафикті уысында ұстап отыр» деген мақала жариялады. Басылым Нұр-Сұлтанның 2016 жылы жүзеге асыра алмаған саясаты сәрсенбіден (17 шілдеден) бастап қолданыла бастағанын жазады.
ИНТЕРНЕТТІ ТҰТАС ҚАДАҒАЛАУ
ZDNet-тің сипаттауынша, үкімет жергілікті интернет провайдерлерге қолданушыларды билік бекіткен арнайы қауіпсіздік (түбірлік) сертификатын барлық құрылғылары мен браузерлеріне орнатуға мәжбүрлеу туралы нұсқау берген.
«Орнатылған соң сертификат үкімет ұйымдары үшін қолданушылардың HTPPS трафиктерінің (сайттарға кіру әрекетінің – ред.) шифрын ажыратып, контентін тексеріп, қайта өз сертификатымен шифрлап, сосын діттеген жеріне жіберіп отыруына жол ашады» деп жазады басылым.
Америкалық сайттың ақпаратына сәйкес, шілденің 18-інен бері интернетке кірмек болған қазақстандық қолданушылар үкіметтің қауіпсіздік сертификатын орнату парақшасына түсіп жатыр. Мобильдік құрылғы иелері де бұл нұсқауды орындауға міндеттелген. KCell мен Beeline сияқты ірі мобильдік байланыс компаниялары клиенттеріне сертификат орнату тәсілін түсіндіруге кірісіп кеткен.
Видео: Билік халықтың жеке деректерін бақылауға алмақ па? (19 шілде 2019 жыл).
Мақала авторының жазуынша, Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қауіпсіздік сертификатын тек Нұр-Сұлтан қаласындағы интернет қолданушылар орнататынын айтқан. Бірақ тұтас ел бойынша кейбір сертификат орнатпаған жұрт интернеттің бұғатталып қалғанын айтқан.
ZDNet Қазақстан үкіметінің бұл шектеуді 2016 жылы енгізбек болып бір талаптанып көргенін, бірақ ол кезде траффик қауіпсіздігіне алаңдаған провайдерлер, банктер мен шетелдік үкіметтер қарсы шығып, тоқтап қалғанын ескертеді.
«2015 жылғы желтоқсанда Қазақстан үкіметі Mozilla-ға қауіпсіздік сертификатын Firefox-тың әдепкі баптауына кіргізуін сұрағанда Mozilla бас тартқан. Қазір Google, Microsoft пен Mozilla сияқты браузер жасаушы компаниялар Қазақстан үкіметінің түбірлік сертификаты арқылы шифрын ажырату мәселесін шешу жоспарын талқылап жатыр. Мақала жазылып жатқанда олар әлі мәміле қылған жоқ» деп жазады онлайн басылым.
МҮГЕДЕК БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ
Халықаралық Human Rights Watch ұйымы шілденің 17-сінде Қазақстандағы арнайы орындарда тәрбиеленіп жатқан мүгедек балалардың құқықтары бұзылып жатқаны туралы есебін жариялады.
Құжат «Қазақстанның мемлекеттік институттарындағы мүмкіндігі шектеулі балалар зорлық-зомбылық, күшпен тыныштандыру және қараусыз қалу қаупіне ұшырап тұр» деп басталады.
Халықаралық ұйым 2017 жылғы қазан айынан 2019 жылғы сәуірге дейін жабық мекемелерде тұрып, емделген 27 мүмкіндігі шектеулі баламен және ересекпен, олардың ата-аналарымен, мекеме қызметкерлерімен, мүгедектің мәселесін көтеріп жүрген сарапшылармен және белсенділермен сұхбаттасқан.
Арнайы мемлекеттік мекемелерде болған балалар мен жасөспірімдер күтуші қызметкерлердің өздерін ұрып-соққанын, күшпен дәрі беріп тыныштандырғанын және жасы кішілерді бағуға мәжбүрлегенін айтқан.
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елде ақыл-есінің дамуы кешеуілдеген балаларға арналған 19 мемлекеттік мекеме бар. Бұл орындарда екі мыңнан астам бала тұрады.
Мекеме қызметкерлері HRW өкілдеріне балалар шыңғырып, айғайлап, нұсқауды тыңдамай кеткен кезде оларды тыныштандыру үшін психотроптық дәрілер беретінін растаған.
«Седативті дәрілер балаларды кейбірде 24 сағатқа ұйықтатып тастайды» деп жазады HRW.
Бірнеше мүмкіндігі шектеулі жасөспірім құқық қорғау ұйымына өздерін мекеме қызметкерлерінің ұрып-соғатынын, жасы кіші тәрбиеленушілердің жөргегін тазалатқызатынын айтқан.
«18-ге толған соң көптеген мүмкіндігі шектеулі жасөспірім автоматты түрде ересектерге арналған мекемелерге ауыстырылып, сонда қалады. Бұның бір себебі – мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерді жеке өмір сүруге бейімдеу қызметінің жоқтығы» деп жазады ұйым.
Есеп авторлары мүгедектігі бар ересектердің де зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын, бір адамның «жалаңаш күйінде сұп-суық, темір тор сияқты оқшау орында жазаланғанын» айтқанын баяндаған.
«Балаларға арналған институтта тұратын мүмкіндігі шектеулі балалар шамалы ғана білім алады, я оқу оқымайды. «Бізде мектеп бағдарламасы жоқ, тек коррекциялық бағдарлама бар. Мұндайғы балалар әлсіз әрі қиын» деді бір институт директоры» деп жазылған есепте.
HRW Қазақстан үкіметін мүмкіндігі шектеулі балаларды оқшау ұстайтын мекемелерді жабуға, оларды мүгедек балалары бар үйлерге қолдау көрсететін қауымдастық негізіндегі қызметке айналдыруға және жабық мекемелердегі балаларды жәбірлеуді тоқтатуға шақырған.
Құжаттағы дерекке сәйкес Қазақстан үкіметі 2018 жылы арнайы мемлекеттік мекемеде тұратын мүмкіндігі шектеулі 727 баланы отбасына қайтарып, күндізгі уақытта күту орталықтарына орналастырған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері болашақта мұндай мекемелерді 10-50 адамдық шағын топтар етіп қайта құру жоспарын бар екенін мәлімдеген.