Home Жаңалықтар «Қатты қорқып отырмын»: Аружан Саин өзінің лауазымды қызметке тағайындалғаны туралы – Қазақстан...

«Қатты қорқып отырмын»: Аружан Саин өзінің лауазымды қызметке тағайындалғаны туралы – Қазақстан жаңалықтары

0
66

Күні кеше Қазақстандағы балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл болып тағайындалған Аружан Саин өзіне қолдау білдірген жандарға алғыс айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Аружан Саин

«Мені қолдаған барша жанға алғыс айтқым келеді. Маған сенім артып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлына да рахмет. Бұл қызмет мен үшін бірінші кезекте – үлкен жауапкершілікті меңзейді. Өзіміз қорда жүріп ата-аналармен, балалармен жұмыс істейміз. Осы күнге дейін сан рет балаларды қорғау жүйесін өзгертуді сұрадық. Қандай да бір лауазымды қызметті көксемейтінімді айтқан да болатынмын. Бірақ қазір көптеген нәрсені өзгертуге мүмкіндік туып отыр», – дейді Аружан Саин.

Әрі қарай қоғам белсендісі дәл қазір жақсы жұмыс пен жауапкершілік ала білудің маңызы зор екенін жеткізді. Жаңа қызметіндегі жұмыстардың өзіне оңайға соқпайтынын да жасырмады.

«Қателіктер мен кедергілер болатынын білемін. Оңайға соқпайтынын да. Десе де, осы кедергілерден өте алатынымызды да жақсы білемін. Мұны барлығымыз күш біріктірген кезде ғана жасай аламыз. Мен президент пен оның әкімшілігін осы мақсаттарды қолдағаны үшін алғыс айтамын. Осы жұмыста мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатудың да қаншалықты маңызды екенін түсінемін», – деді ол.

Мұнымен қатар, бұл тағайындаудың жылдам болғанын айтты. Сондай-ақ, жұмысты өзінің қазіргі командасымен бірге бастайтынына тоқталды.

«Бәрі сондай тез болып кетті. Бірінші кезекте біз команда құрып, жұмысты ұйымдастыруымыз қажет. Бізге қолдау көрсететіндер табылады деп сенеміз. Командамызды заңгер және дәрігерлермен толықтыру қажет болады. Бар күшімізді салсақ, көп нәрсенің өзгеретініне сенемін. Жұмыстың барынша ашық болғанын қалаймын. Бұл үшін бізге құралдар қажет», – деді Аружан Саин.

Жаңа тағайындалған омбудсмен өзі туралы жаңалықтан кейін қатты толқып отырғанын да жасырмады.

«Иә, мен қатты қорқып отырмын. Маған сенім артқан адамдардың үмітін ақтай алмай қаламын ба деп қорқамын. Бірақ, барымды салуға уәде етемін. Көп нәрсені өзгертетін уақыт келді. Сіздерге көп рахмет», – деп аяқтады сөзін уәкіл.

stan.kz