Билікке Навальный келсе, Назарбаев Қытайдан бір-ақ шығады – БАҚ

0

Ресей оппозиционері Алексей Навальный қамауға алынғалы бері көрші елде протестік көңіл-күй орнады. Бұл «жылымық» Қазақстанға қаншалықты әсер етпек? Қазақстаннан Навальный шыға ма? Ол үшін не қажет? Осы сауалдың жауабын Bugin.kz платформасының тілшісі саясаткер Ермұрат Бәпиден сұрап көрді.

Қазақстан азаматтары Навальный сынды тұлғаны аңсай ма?

Е.Бәпи: Аңсағанда қандай! Қазақ – ежелде рулық қауымда, батырлар бастап, билер белсенді болған қоғамда өмір сүрген халық. Көшбасшы көсеміне күні қараған халықтың бүйрек бұрышында, ми қабаты мен зерде зейінінде осы ментальдық қасиеттің файлы тұрмыс-салттық сұлбада сақталып қалған. Қазақты отыз жыл қаңғыртқан Назарбаевтың тарихы да – көсемге табынған халықтың санасында сақталған тәжірибенің нәтижесі.

Сондықтан бүгінгі күннің көшбасшысы – қазақстандық Навальный қазақтың менталитетіндегі қажеттілік деп білем. Тіпті, ертеңгі күні елде әлдебір саяси теңселіс басталып кетіп, стихиялық түрде тобыр алаңға шығатын болса, халық процесті басқарып кете алатын серкені іздейді. Бұл –  бір жағынан заңды құбылыс.

Қазақстаннан Навальный сынды тұлға шығуы мүмкін бе? Ол үшін қандай факторлар қажет? Финанс, қолдау, шетелдік таныс…

Е.Бәпи: Мүмкін және мүмкін емес. Мүмкін болатын себебі – әлемге әйгілі Димашты тудырған халық саясаттың да сұңғыла талантын тудыруы ғажап емес. Жалпы, қазақ дарынды халық, одан неше түрлі құбылыстар күтуге болады.

Ал мүмкін болмайтын себеп қоғамның қазіргі күйінен, халықтың бүгінгі белсенділігінен, анығы керісінше, саяси салғырттығынан туындайды. Елдің билігі, назарбаевтық режим халықтың өзгеріске деген ерік-жігерін тұлдыр етіп, осындай марғау күйдің қорасына қамап тастады. Елдегі жағдайдың даму динамикасы көпшілік үшін, орысшалап айтқанда, «до лампочки».

Екіншіден, ел ішінде адамдардың бір-біріне деген алауыздығы мен сенімсіздігін тудыру мақсатында биліктің саясат технологиясы нақақ тарататын лақап пен өсектің идеологиясы үстемдік құрып тұр. Әлдебір тұлға ту көтеріп шықса, оны «халық жауы», «жоба», «КНБ-ның агенті», т.б. деп құбыжық қылып көрсету – Ақорданың айласынан туындайтын саясат. Мұны мен «айдапсал технология» деп атаймын. Ал бейкүнә халықтың біраз бөлігі осы арам амалдың айласына алданады. Содан барып, ел ішіне «анау анау екен», «мынау мынау екен» деген лаң мен лақап тарайды.

Әйтпесе, 90-жылдардың соңында Назарбаевқа қарсы шығып, қоғамды соңынан ертпек болған Әкежан Қажыгелдин несімен Навальный бола алмады? Оны «ұры», «халықты тонады», «әйелі еврей екен», «қазақтың тілін де, тінін де білмейді» деп, биліктің технологтары таратқан қаңқу қоғамға мейілінше озбырлықпен сіңірілді. Содан Қажыгелдиннің Навальный болатындай потенциалын халықтың өзі құртты.

Немесе алғашқы «ДВК»-ны бастап шыққан Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов сол кезеңнің нағыз Навальныйы еді. Оларды «анау-ақ», «мынау-ақ» деп билік таратқан өсекке еріп кеткен кім? Әрине, қазақ!

Немесе «Ақ жол» мен «Азат» партияларының ақберен серкесі Болат Әбілов «чем не Навальный?». Ол тіпті биліктің «төл баласы» болмаса да,  «Назарбаевтың жобасы екен», «Сараның інісі екен» деген өсекшіл қазақ оны қолдады ма? Бұл қазаққа Бутядан асқан қандай Навальный керек еді?!

Қазақстандық Навальный шығуы үшін қандай фактор қажет дегенде, мен бірінші кезекте азаматтың таза ниетіне азаматтық сенім факторы қажет дер едім. Біз билік итаршыларының айтақтауымен адал ниет пен арам пиғылды айыра алмайтын қоғамға айналдық. Азаматты арқа рухы мен көзжанар жалынынан танитын ежелгі қазақты жоғалтып алдық. Бүгінгі қазақ саясат технологиясының құлына айналып барады. Мені осы кері кеткен үрдіс қынжылтады. Қазақстандық Навальныйды шарқ ұрып іздеудің астарында біздің саяси надандығымыз жатыр!

Қазақстанда Навальныйға ұқсас тұлға қазір бар ма? Кімдерді ұқсатуға болады?

Е.Бәпи: Әрине бар! Жанболат Мамай бар. Бірақ біз тағы да «Жанболат – биліктің жобасы» деген қауесетке елігіп, ол шақырған митингіге 200-300 адамнан артық бармаймыз. Сөйте тұра тағы да қазақтың Навальныйын шарқ ұрып іздейміз. Ол Навальный қайдан шығады, егер біз екінің бірінен виртуалды дұшпан жасап алсақ?!

Сол сияқты Мұхтар Әблязов ресейлік Навальныйдан ешбір кем тұлға емес. Бірақ біз тағы да «Әблязов БТА банкінің 6 миллиард долларын ұрлап кеткен тонаушы» деген биліктің былшылына сенеміз. Бұл тұп-тура саяси надандық болмағанда не?!

Ресейдегі протестік көңіл-күй Қазақстанға қалай әсер етпек?

Е.Бәпи: Мәскеудің ауа-райы 2-3 күнде Қазақстанға келеді деген табиғи-халықтық таным бар. Саясаттағы осы табиғи образ — биылғы көктем мен күзде Мәскеудің саяси райы бізге де келеді. Ал ол көңіл-күйдің Қазақстанға қарай үдере көшуіне билік пен қоғам қалай дайындала ма – ол басқа мәселе.

Билік қандай қам жасайды, репрессияның бұрандасын қыса түсе ме, жоқ әлде халық күткен реформалық өзгерістерге бет бұра ма? Ал қоғам қазақстандық Навальныйды шұғыл тауып алып, оның соңынан ере ме?

Гәп осы екі сұрақтың жауабында.

Бізде Навальный сынды зерттеу жасауға, шенеуніктердің байлығын ашып көрсетуге мүмкіндік бар ма? 

Е.Бәпи: Әрине ізденген және сол ізденіс жолында жалтармаған, қудалаудан қорықпаған адам үшін мүмкіндік бар. Ондай зерттеу-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін журналист болу шарт емес. Бастысы – ақиқатқа адал адам болуың керек.

Ал бізде Навальный сияқты зерттеу жасауға тұратын тақырып жыртылып-айырылады. Ағасы мен қарындастарын айтпағанда, бір Болат Назарбаевтың бизнес империясын ақтарып, оған біткен байлықтың қоясын қопаруға болады. Алматының төңірегі мен Алатаудың етегінде Назарбаевтың інісі салдырған сарайлар Навальныйдың нұсқасындағы тақырыпқа пара-пар болып қалады деп ойлаймын.

Навальныйдан қазақстан билігі жасқана ма, қалай ойлайсыз?

Е.Бәпи: Несіне қорқады? Біріншіден, Навальныйға Ресей мен Путиннің тақырыбынан асқан қызық қажет емес. Екіншіден, Навальныйдың мақсаты – Ресей режимін құлату. Оған Қазақстан мен Назарбаевтың қажеті жоқ. Путиндік режим бүгін құлайтын болса, ертең Назарбаевтың режимі тоңқалаң асады. Біздегі тоталитаризмнің бірінші тірегі – Путин патша. Ол кеткен күні Назарбаев Қытайдан табылуы мүмкін…