Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі тарихшы өмірден озды

0
3803
ҚАДЫРЖАН ӘБУЕВ
ҚАДЫРЖАН ӘБУЕВ

Қазақстанның тарих ғылымы өзінің көрнекті өкілінен айырылды. 82-ге қараған жасында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚАДЫРЖАН ҚАБИДЕНҰЛЫ ӘБУЕВ дүниеден озды.

Бұл туралы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры Зиябек Кабульдинов хабарлады.

«Оның саналы өмірі Көкшетау өңірімен байланысты және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ұзақ жылдар еңбек етті. 1976 жылы тарих ғылымдарынан кандидаттық диссертациясын, ал 2002 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде докторлық диссертациясын қорғады.

Қадыржан Қабиденұлы Абылай ханның өмірін, мемлекеттік қызметін, қазақ жерлерін біріктіру жолындағы күрес жолын зерттеуге үлкен еңбек сіңірді. «Абылай хан және оның заманы» атты монографиясы Қазақ хандығының тарихын зерттеуге қосылған зор үлес болып табылады. Қадыржан Әбуев 6 оқу құралының, 8 монографиялық зерттеудің, 100-ге тарта ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен 3 кандидаттық, 27 магистрлік диссертациялар қорғалды. Ұлағатты ұстаз Қ. Әбеуевтың оқыған дәрістерінен мыңдаған студенттер тәлім алды, қазақстандық патриотизмге тәрбиеленді.

Тарихшы, зерттеуші-ғалым Қадыржан Қабиденұлы Абылай ханның тұлғасымен қоса Ш. Уәлихановтың, Науан хазіреттің және Ораз Мұхамед Онданұлының тарихи тұлғалары туралы тамаша еңбектер қалдырды.

Қадыржан ағамыз Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұжымымен тығыз шығармашылық байланыста болды. Оның көптеген мақалалары 3 томдық «Қазақстан тарихы. Энциклопедия» анықтамалық жинағына енді. Солтүстік Қазақстан аймағындағы Алаш партиясы қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында Қадыржан Қабиденұлы Институтқа үлкен көмек көрсетіп отырды. Оның тарихи деректануды, тарих ғылымының теориялық және методологиялық мәселелерін зерттеуді тереңдету туралы ұсыныстарын Институт ұжымы үлкен ықыласпен қабылдады.

Қадыржан Қабиденұлының топырағы торқа, жаны жәннатта болсын деп тілейміз» Зиябек Кабульдинов.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету