Билік транзиті тұсында мемлекеттің «полициялық болмысы» күшейді ме?

0

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін «мәңгілік есте қалдыру» мақсатында президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған ұсыныстар мен Дариға Назарбаеваның парламенттің жоғарғы палатасы жетекшілігіне келуі (билік династиялық жолмен берілмек деген пікірлер айтылды) қоғамда түрлі реакция тудырды.

Билікке қарайтын құрылымдар Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгертуді қолдады, әлеуметтік желі қолданушы қазақстандықтар онымен келіспейтіндерін жазып жатыр, көшеге шыққан біраз адам астананың жаңа атауына қарсы екендерін білдірді. Күш құрылымдары Астана, Алматы мен Шымкенттегі наразыларды сөйлетпеуге тырысты.

Алматы мен Астанада бір топ адам (көбі жастар) наурыздың 22-сі күні наразыларды ұстау сәтінен тікелей эфирде хабар таратып жүрген Азаттық журналистерінің қызметіне мақсатты түрде, агрессия танытып кедергі жасады.

«Негативті емес, позитивті түсіріңдер!» Астана, 22 наурыз 2019 ж.

Ұсталғандар арасында астанадағы наразылық шарасы туралы хабар әзірлеп жүрген «Настоящее время» (Азаттық пен «Америка дауысы» радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкова да бар. Азаттық президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар мұны «тәуелсіз журналистерді ашық қорқытуға және бұқаралық ақпарат құралдарының саяси жағдайларды таратуын бақылауға тырысу» деп атады.

Алматылық адвокат Жохар Өтебеков астана атауын өзгертуді заңсыз дегені үшін (себебі, алдындағы президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан соң президент қызметін атқаруға көшкен тұлғаның Конституцияны өзгертуге құқы жоқ) республикалық адвокаттар коллегиясынан сөз естіді.

Коллегия Өтебековтің Facebook-тегі жазбалары «Конституция нормаларына сай емес», ал іс-әрекеті «кәсіби этика нормаларына қайшы», сондықтан адвокаттың тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселе арнайы жиында қаралады деп мәлімдеді.

Өтебековтің өзі коллегияның мәлімдемесін «пікір білдіргенім үшін қудалау» деп атады. Осы және басқа да оқиғаларды сарапшылар «полициялық мемлекет болмысы» ашық байқала бастағанын айтады.

ТӘРТІП САҚШЫСЫ МА?

Журналист және құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның ақпараттық мониторинг орталығының жетекшісі Сергей Дувановтың айтуынша, Тоқаев президенттік қызметін заң тұрғысынан күмәнді қадаммен бастағаннан кейін және Назарбаевқа адалдығын көрсеткен соң бұрын «ұятты жерін жапқансып жүрген» күш құрылымдары енді оны ашық көрсетуге көшті.

— Полициялық мемлекетте полиция бейтарап, әділ тәртіп сақшысы болудан қалады. Ол қолында билігі барларды қолдайды, заң тәртібін бұзбаса да, наразылық білдіргендерді қудалайды, ал режимді қолдаушылар көпе-көрнеу тәртіп бұзып тұрса да, олардың әрекетіне көз жұма қарайды, — дейді Сергей Дуванов.

Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы. 22 наурыз 2019 ж.

Ол наурыздың 22-сі күні Астанада журналистер полиция полковнигіне кәсіби қызметіне кедергі келтіргендердің үстінен шағым айтқанда, полковниктің заң бұзушыларға шара қолданғанның орнына «дұрыс түсірген жоқсыңдар» деп журналистерді айыптағанын еске салды.

Дувановтың пікірінше, бұл полиция полковнигі бейтарап адам емес, ол билікке қызмет етеді, яғни, саяси «қуаттанған» адам. Журналистерге кедергі келтірген жастар да сондай.

Ал мәжіліс депутаты Владислав Косарев Азаттыққа Қазақстанды полициялық мемлекет санамайтынын айтты.

— Біздің полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін күзетеді. Ол, әсіресе, бұқаралық шара кезінде бейқам жүре алмайды. Егер полиция қызметкері тәртіп бұзса, әрине, оны анықтау керек, бәрін айыптауға тырыспайық, — дейді Косарев.

БИЛІКТІҢ КҮШ ТІРЕГІ

Екі рет министрлер кабинетіне мүше болған 71 жастағы экономист Петр Своик Нұрсұлтан Назарбаев президенттік биліктен «бас тартқан» соң күш құрылымдарының рөлі күшейгенін айтады.

— Билікті екіге бөлу арқылы ол үлкен тәуекелге бас тікті. Шын мәнінде қос билік пайда болды… Оның соңы бейбіт әрі тыныш бола қояры екіталай, жағдай ары қарай өрбіген сайын билік орталықтары арасында егес туындай бермек, — дейді Петр Своик.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Назарбаев өкілетін тоқтатқаннан кейін президент міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Назарбаев өкілетін тоқтатқаннан кейін президент міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

Своиктың айтуынша, ширек ғасырдан астам уақыт билік кезінде жасалған суперпрезиденттік басқару құрылымы жоғалмады, енді оны бөлу керек, сондықтан биліктің үлкен бөлігі Қауіпсіздік кеңесіне кетті, оны тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы басқармақ.

Наурыздың 18-і күні, отставкаға кететіні туралы мәлімдер алдында Назарбаев ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі басшыларына генерал атағын берді, ал 20 жыл ҰҚК-де (президентке тікелей бағынатын жүйе) жұмыс істеген адамды бас прокурор қызметіне тағайындады.

Своиктың пікірінше, биліктің күш құрылымына осынша мән беруі сырт көзге байқалмайтын, бірақ кез келген ішкі қатерге (биліктің жоғарғы жағынан болсын, қоғамнан болсын) дереу реакция танытатын полициялық мемлекет құрылымын жасағанын байқатады.

Сенаттың бұрынғы депутаты, оппозициялық саясаткер, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық ұйымының төрайымы Зәуреш Батталова да ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі басшылары Кәрім Мәсімов пен Нұрлан Ермекбаевқа генерал погонын таққанына мән береді. Оның айтуынша, бұл Қазақстанның полициялық болмысын сақтап қана қоймай, оны күшейткенін білдіреді.

— Бейбіт заманда, Қазақстан барлық көршілерімен достық қарым-қатынасын сақтап тұрғанда шені жоқ қорғаныс министрін әскери адамға айналдырудың не керегі бар? Назарбаев кімнен қорқады? Қазақстанның сыртқы жаулары жоқ болса, ол кіммен соғыспақ? — дейді Зәуреш Батталова.

Қазақстан президенті міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Қазақстан президенті міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Отставкадағы ҰҚК генерал-майоры Тұрсын Айжұлов Азаттыққа ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі басшыларына генерал шенін бергеніне түсіністікпен қарайтынын айтты, оның себебін Қазақстанның күрделі кезеңге өтуімен түсіндірді. Ол журналистерге кедергі келтірген жастардың әрекетін сынады, әдетте олардың артында арнайы қызмет тұратынын айтты.

Парламент депутаты Владислав Косарев Назарбаевтың Мәсімов пен Ермекбаевқа генерал шенін беруінен полициялық мемлекет белгісін іздеудің керегі жоқ дейді.

— Президент Назарбаев ұзақ уақыт бірге жұмыс істеген адамдардың алдында өзін борышты сезінді деп ойлаймын, соны өтеу үшін оларға жоғарғы шен берді, — дейді Косарев.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтистің пікірінше, ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі басшыларына генерал атағын беруі мемлекеттің полициялық болмысының күшейгенін білдіреді. Жовтистің айтуынша, күш мекемелері жетекшілері адал болу, кез келген бұйрықты сөзсіз және тиімді атқару сияқты басты талаптарға сай болуға тиіс.

Azattyq