Павлодар облысында ауруханаға түскен жеткіншектің үстіне темір төсек құлап кеткен – Қазақстан жаңалықтары

0
99

Екібастұз тұрғыны дәрігерлерді жазаламақ ниетті. Себебі аурухананың балалар бөлімінде ұлының үстіне темір төсек құлап кетіпті. Нәтижесінде бүйрегі ауырып ауруханада жатқан жеткіншектің қолы сынған, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Павлодар облысында ауруханаға түскен жеткіншектің үстіне темір төсек құлап кеткен

Ауруханада 13 жастағы Виктордың үстіне темір төсек құлап кеткен. Соның салдарынан оның оң қолы сыныпты.

«Қабырғаға жақын тұрған төсектің жанынан өтіп бара жаттым. Сол кезде төсектің бір шеті аяқыма құлап кетті, қалғаны үстіме құлады. Нәтижесінде қолымды зақымдады», – дейді Виктор.

Жетінші сынып оқушысы бүйрегі ауырып ауруханаға түскен. Ендігі қолын емдеп жүр. Жеткіншектің анасы Олеся дәрігерлердің бұл жағдай туралы өзіне хабарламағанын айтады. Оның сынған қолына ем-дом жасаған кезде  наркоз беріпті. Олеся наркроздың салдарынан аллергиясы пайда болуы мүмкін еді деп отыр. Себебі жеткіншек бронх демікпесімен ауырады.

«Олар қоңырау шалған жоқ. Менен наркоз туралы сұраған да жоқ. Баланың бронх демікпесі бар. Диагнозы қойылған. Павлодардағы аллергологтың есебінде тұр» – дейді Олеся Кутякова.

Ал ауруханадағылар бөлшектенген төсектерді алып тастап үлгермегендерін айтып ақталды. Ал жеткіншек тынымсыздығы үшін зардап шекті, дейді. Ал оған наркоз беруге әжесі рұқсат берген екен. Ол сол кезде немересінің халін білуге келген. Десе де дәрігерлер оқыс оқиға болғанымен келісіп отыр.

«Бұл баланың өте тынымсыз екенін байқадық. Мұны осында  баласымен жатқан ата-аналар да айтқан болатын. Шетте тұрған кереуеттерге ойнап жүріп тиіп кетуі мүмкін. Қауіпсіздік ережесінің бұзылғанын мойындаймыз. Осыған байланысты бөлімшеде болған жауапты үш қызметкер қатаң сөгіс алды», – дейді Екібастұз қалалық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Светлана Подзорова.

Қауіпсіздік ережелері бұзылғаны үшін аға мейіргер, кезекші мейіргер мен шаруашылық бикесіне тәртіптік жаза берілген. Алайда зардап шеккен жеткіншектің туыстары бұл жазаның аз екенін айтып отыр. Олар сот арқылы моральдық шығын өндіру үшін адвокаттардың көмегіне жүгінген.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz