Біләштің жақтастары белсенді ісін «қолдан жасалған» деп айыптады

0

Қытайдағы қазақтар мәселесімен айналысатын тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің адвокаты мен жақтастары бүгін, 30 шілдеде Нұр-Сұлтанда жиын өткізіп, белсенді ісі бойынша өткен алдын ала сот тыңдауы туралы айтты.

Белсендінің адвокаты Айман Омаров 29 шілдеде Нұр-Сұлтан соты істі Алматы сотының қарауына жіберіп, «әділ шешім қабылдағанын» айтты. Оның сөзінше, сот істі қарауды әлі бастамаған. Біләшті қолдап, баспасөз жиынына келген жақтастары белсендінің Шыңжаңдағы этникалық азшылықтар құқығын қорғаудағы еңбегін атап, ұйым жетекшісінің үстінен қозғалған істі «қолдан жасалған» деп атады.

«Серікжан жала жабылып ұсталғаннан бері Қытайдағы этникалық қазақтар мүддесін қорғау мәселесі Қазақстандағы Пекиннің мүддесін қорғауға айналып кеткендей» деді баспасөз жиынының спикері Бекзат Мақсұтханұлы. «Атажұрт еріктілері» қозғалысының мүшесі Мелетхан Айтқалиұлы «Шыңжаңнан көшіп келген қазақтар өз құқықтарын қорғай алады. Билік бізді саяси қатынастың толыққанды мүшесі деп санауы тиіс» деді.

29 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен алдын ала сот тыңдауында Біләштің ісін Алматыдағы соттың қарауына жіберу туралы шешім қабылданған. Сот адвокат Айман Омарованың өтінішін қанағаттандырып еді. Прокурор да Омарованың өтінішін құптаған. Сот өтіп жатқанда жүздеген адам Біләшқа қолдау керсетіп, олардың басым бөлігі залға сыймай, сыртта қалып қойған. Бірақ сот істі тоқтатып, Біләшті үйқамақтан босату туралы адвокат өтінішін қанағаттандырмады.

Соңғы бірнеше аптада Қазақстан қалаларында биліктен Біләш пен құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған бірнеше азаматты босатуды талап еткен акциялар өтіп жатыр.

29 шілдеде АҚШ-тың Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары басқармасы жанындағы азаматтарды негізсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобын Қазақстанда жауапқа тартылып жатқан белсенді Серікжан Біләштің мәселесі бойынша «тез арада шара қабылдауға» шақырған. Әлем бойынша ар-ождан тұтқындарын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйым «Қазақстан үкіметі Біләшті қамауда ұстауды жалғастырып», Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларацияға қол қойғанда алған міндеттемелерін бұзып отыр деп жазған.

45 жастағы Серікжан Біләш – Шыңжаңнан көшіп келген, біраз жылдан бері отбасымен Алматыда тұратын белсенді. Ол былтырдан бері Қытайда тұратын аз ұлттардың қысымға ұшырап жатқанын айтып келеді. Қазақстан билігі оны биыл наурызда Алматыда ұстап, артынша Нұр-Сұлтанға әкеткен. Оған «ұлтаралық араздық қоздырды» деп айып тағылып, Біләш үйқамаққа алынды. Белсенді өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары бар санайды.

Azattyq